Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

Қазақстандық теннисшілер Нидерланд спортшыларынан басым түсті

AstanaTV
10.03.2020ж. 20:00
1981
Қазақстандық теннисшілер Нидерланд спортшыларынан басым түсті

Қазақстандық теннисшілер жеңімпаз атанды. Ел астанасында өткен бәсекеде жерлестеріміз Нидерландтық спортшыларды мерзімінен бұрын жеңіп, қараша айында Испанияның Мадрид қаласында өтетін Дэвис кубогының финалдық сайысына жолдама алды. 2 күнге созылған спорттық дода туралы әріптесім Асылбек Данияр тарқатады.

Жарыста спортшыларымыз жеңіске жеткенімен, турнир біздің жігіттер үшін оңай болмады. 6 наурыз күні өткен ойында Нидерланд спортшысы Михаил Кукушкинді қапы қалдырды. Қызу тартысқа толы кездесуде Робин Хаасе 4:6, 7:6, 3:6 есебімен жеңіске жетті. Дегенмен, Кукушкиннен кейін кортқа шыққан Александр Бублик жанкүйерлердің және командаластарының жеңіске деген сенімін қайтта оятты.

Думан ОРЫНҒАЛИҰЛЫ, ЖАНКҮЙЕР:

Кеше ондай ой болды біз ұтылып қаламыз ба деген. Бірақ бүгін біздің команда жақсы жағынан ойын көрсетті. Мен жанкүйерлер тарапынан үлкен алғыс білдіремін біздің командаға.

Жарыстың екінші күні қазақстандық спортшылар үшін сәтті басталды. Екі сетке созылған жұптық бәсекеде жерлестеріміз 6:3 нәтижесімен алға шықты. Шешуші ойында еліміздің бірінші ракеткасы Александр Бубликке командаластары үлкен сенім артты. Ойынның соңына дейін бар күшін салған спортшымыз 6:1 есебімен қарсыласын шаң қаптырып, Қазақстан құрамасына жеңіс сыйлады.

Юрий ЩУКИН, ТЕННИСТЕН ҚАЗАҚСТАН ҰЛТТЫҚ ҚҰРАМАСЫНЫҢ КАПИТАНЫ:

Жігіттерге үлкен рақмет! Ешкімге есе бермейтінімізді тағы бір мәрте дәлелдей түстік. Әлемнің басты теннис турниріне жолдама алу арманымыз еді, үмітіміз ақталды. Келесі ойынға да барымызды саламыз. Өз еліміздің аренасында жетінші матчты жеңіспен аяқтап отырмыз.

Әрине, команданың жеңіс тұғырынан көрінуіне Александр Бубликтің тер төккенін атап өткен жөн. 1 жарым сағатқа созылған екінші матчта әлемнің 49-шы ракеткасы, нидерландтық Робин Хаседен 7:6, 6:1 есебімен басым түсті.

Александр БУБЛИК, ҚАЗАҚСТАН ҰЛТТЫҚ ҚҰРАМАСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Бұл - ортақ жеңіс, сол себепті Мадридке жолдаманы мен алып бердім деп айтудың қажеті шамалы. Тек меен ғана емес жұптық бәсекеде шыққан спортшыларымызда ұпай әкелді. Бұл біз үшін жақсы көрсеткіш. Нәтижемізді кейінгі ойындарда да жаңартамыз деп ойлаймын.

"Қызғалдақтар" елінің құрмасын 3:1 есебімен жеңген отандастарымыз екінші жыл қатарынан Дэвис кубогының финалдық кезеңінде ойнауға мүмкіндік алды. Ойыннан соң Қазақстан құрамасы Дэвис Кубогының рейтингінің 13-ші орына жайғасты.

А. Данияр