Ауа райы -
Негізгі / Жаңалықтар / Елордада күйеуі қатыгездікпен өртеп жіберген әйелдің күнделігі табылды

Елордада күйеуі қатыгездікпен өртеп жіберген әйелдің күнделігі табылды

Күйеуі өртеп жіберген әйелдің күнделігі табылды. 9 қыркүйекте жазылған жазбаны бүгін кезекті сот отырысында марқұмның анасы оқып берді. Қылмыстық іске қатысты соттың кезекті тыңдалымына қатысқан әріптесім тақырыпты жалғастырады.

Аса қатыгездікпен жұбайын өлтірген айыпталушы көзіне жас алды. Сот басталысымен түсірілімнен бас тартқан ол бүгін жағдайды баяндады. Оның сөзінше жұбайы өзге адаммен көңіл қосқан. Қызғаныштан көзін шел басқан ол әйелін тек қорқытқысы келгенін айтты. Ал, бензин құйылған құтыны қайдан алғанын түсіндіре алмады.

Тергеу кезінде басқаша сөйлеген сотталушының бұл жауабы, марқұмның туыстарын қанағаттандырмады. Қыздарын аяусыз өртеген күйеубалаларын қатаң жазаға тарту керек деп отыр. Ал марқұмның анасы қызының адалдығын дәлелдеу үшін тағы бір тың айғақ ұсынды.

Дәмегүл ҚАШАҒАНОВА, МАРҚҰМНЫҢ АНАСЫ:

Жаным, мен өлгенмен саған жақсы болмайды ғой. Мен өмір сүргім келеді. Тек сенімен ғана. Сені ғана жақсы көремін.

Мән-жайды анықтау үшін куәгерлер де тындалды. Талапкер ауылынан қалаға барар жолда, бейтаныс жанның қансырап отырғанын көрген қос жолаушы бірден жедел-жәрдем шақырыпты. Ал, денесінде сау тамтығы қалмаған әйел өзін күйеуі өртегенін жеткізген.

Жанар ХАСЕНОВА, КУӘГЕР:

Жолдасы бетінен соғып, бензинді құйып жіберген. Менің естігенім осы. Бензинді құйып жағып жіберіп, өзі кетіп қалған екен.

Қазір марқұмның 6 баласы енесінің қарауында. Жәбірленуші тарап айыпталушыдан 5 миллион теңге өтемақы талап етуде. Қылмыстық іске қатысты үкім, қашан шығатыны  әзірге белгісіз. Келесі сот отырысы наурыздың 18-іне белгіленді. 

Ғ. Өтемісов