Мынау Алматы метросында түсірілген. Бейнетаспадағы жігіт осылай хайп жасаймын деп 10 тәулікке тұтқындалды. Пранкер коранавирустың таралуына байланысты қоғамдық көлікте жөтеліп, адамдардың үрейін тудырған. Қалалық полиция департаментінің мамандары оның әрекеті этикалық нормаларға қайшы келетінін айтты. Жалпы елде таралаған қауіпті дерттің жай-жапсары жайлы келесі бейнематериалда.
Адамзаттың жауына айналған инфекция бізді де айналып өтпеді. Қазір жұрт жаман індеттің ілігіне ілінбеудің амалын жасап жүр. Министрлік дерегінше қазір станционарлық карантинде 1,5 мыңнан астам адам жатыр. Мыңға жуық азамат үйдегі карантинде отыр. Ал өзге елдерден келген 2,5 мыңнан астам адам барлық санат бойынша қатаң бақылауға алыныпты. Олардың 500-ге жуығы қазір ауруханадан шығарылған.
Әлеуметтік желіде тараған мына бейнероликте карантиндегілермен дәрігерлер қалай жұмыс істейтіндерін түсірген. Жұмыс басталмас бұрын қорғаныш киімін сақадай сайлап аламыз дейді. Осылайша олар өздерін вирустан қорғайды. Көпсалалы медициналық орталықтың дәрігері, мұндағылардың дене қызуы қалыпты екенін айтты. Өткен түнде Италиядан келген 13 жолаушының да жағдайы тұрақты деп отыр.
Сәуле АТЫҒАЕВА, КӨПСАЛАЛЫ МЕДИЦИНАЛЫҚ ОРТАЛЫҚ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Біз инфекциялық бөлімшеде жұмыс істеп жатырмыз, оған коронавирустық инфекция ауруы жоғары елдерден келген адамдар жатқызылады. Ауруханада Оңтүстік Корея мен Италиядан, сондай-ақ Қытайдан келген бірнеше азамат бар. Палаталардың көбі бір орынды. Бөлмелер жылы.
Соңғы деректер бойынша Алматыда банк менеджері мен Германиядан келген 12 жастағы қыз баладан инфекция белгілері анықталған. Олар қазір ем қабылдап жатыр. Бұл науқастармен қарым-қатынаста болған азаматтар болса, карантинге алынған. Алматы қалалық қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы жағдайды жіті бақылауда деді.
Тілеухан ӘБІЛДАЕВ, АЛМАТЫ қ. ҚОҒАМДЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
Қаладағы барлық медициналық мекемелерде қажетті препараттар жеткілікті. Қатаң сақтық шаралары сақталуда. Короновирусқа шалдыққандармен байланысқан адамдар үшін 1600 адамға арналған 7 нысан жұмыс істеп тұр. Тағы 3 мыңнан астам орын ашу жоспарда бар.
Ал Нұр-Сұлтан әкімдігі жергілікті мекемелерге қызметкерлерін қашықтықтан жұмыс істеу режиміне ауыстыру жөнінде ұсыныс жасады. Елорда әкімдігі ресми сайтында сақтық шараларын күшейту жайлы хабарлама таратты.
Қоғамдық тәртіпті, халықтың тыныс-тіршілігін және көліктің жұмыс істеуін қамтамасыз ететін объектілерді, аса маңызды мемлекеттік және стратегиялық, ерекше режимді, режимдік және ерекше қорғалатын объектілерді қорғау күшейтілді.
Ауруын жасырған, аңдамай өледі. Індетті жұқтырып, жауапкершіліктен жалтарғандар жазаға тартылады. Алматыда коронавирусқа шалдыққан науқастың бірі дәрігерлердің жұмысын қиындатқан. Ол өзімен байланыста болған азаматтар жайлы мәлімет беруден де әдейі бас тартыпты. Жергілікті полицейлер қарсылық көрсеткен азаматқа қатысты іс қозғапты. Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та бұл мәселеге қатысты арнайы ескерту жасады.
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Ел жұртты алаңдататын, дүрліктіретін әрекеттерге тыйым саламыз. Жалған ақпарат таратып, дүрбелең туғызатындар заңға сәйкес жауапкершілікке тартылады.
Қазір вирустан қорғанудың түрлі жолдары қарастырылуда. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше COVID-19 вирус жұмсақ заттарда 3-4 күнге дейін, ал қатты бұйымдарда 9 күнге дейін сақталады. Отандық сарапшылар қауіптің алдын-алу үшін қолды жиі жуып жүруді ұсынды.
Ғ.Өтемісов