Спорт Қазақстан
$443.35 €475.54 ₽4.82
×

Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа үндеу жолдады

AstanaTV
16.03.2020ж. 20:00
4581
Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа үндеу жолдады

Қазақстанның халықаралық резервінде 90 миллиард доллар бар. Бүгін халыққа теле-үндеу жолдаған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ел аумағына жеткен коронавируспен күресу үшін бөлінетін қаржының қайдан алатынын айтты. Мемлекет басшысы 1 айға созылатын төтенше жағдайдың да жай жапсарын түсіндірді. Ел азаматтарын барынша сабыр сақтап, тәртіпке бағынуға шақырды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтің жарлығымен Қазақстанда бүгіннен бастап төтенше жағдай режимі енгізілді. Ол 30 күнге дейін созылады. Мемлекет басшысы қажет болған жағдайда, оны ұзартуымыз да мүмкін деп отыр. Ол шектеу шаралары жер жүзін тығырыққа тіреген коронавирустың Қазақстан аумағында таралуына жол бермес үшін қабылданғанын айтты. Өзге елдермен салыстырғанда, біз алдын-алуды ертерек қолға алдық деген Президент, жағдайға түсіністікпен қарауға шақырды.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Барлық қажетті алдын алу шаралары жүзеге асырылады. Қоғамдық тәртіп қатаң бақылауға алынады. Көпшілік қатысатын іс-шаралар тоқтатылды. Көптеген азаматтарымыздың алдағы мереке күндеріне орай жоспар құратынын түсінемін. Дегенмен, бүкіл халықтың денсаулығы үшін осындай шешім қабылдап отырмыз.


Қазір елдегі экономикалық жағдай басты назарда. Президент азық-түлік қорының жеткілікті екенін айтып, тауар бағасын негізсіз қымбаттатуға жол берілмейтінін жеткізді. Сонымен қатар, әлеуметтік шиеленіс пен жұмыссыздыққа жол берілмейді деді. Президент Қазақстанның халықаралық резервтері 90 миллиард долларға жеткенін айтып отыр. Соның есебінен әлеуметтік міндеттер атқарылмақ. Бұдан бөлек, отандық кәсіпкерлер мен жаңа жұмыс орындарын құру да шетте қалмаған. Оған тағы 300 млрд теңге бөлінбек.
 
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
 
ҚР аумағына кіруге және шығуға шектеу қойылады. Мемлекеттік шекара бойындағы өткізу бекеттерінде, вокзалдар мен әуежайларда санитарлық режим күшейтілді. Менің тапсырмам бойынша Үкімет қорынан дәрі-дәрмек, тест-жүйелерін және зертханаға арналған жабдықтарды алу үшін қаражат бөлінді. Ауруханаларда орын жеткілікті.


Коронавирус індетімен күресуге Қазақстанның толық мүмкіндігі барын мәлімдеген Президент ел азаматтарын сабыр сақтап, тәртіпке бағынуға шақырды. Аурудың алғашқы белгілері анықталған бойда, бірден дәрігерге қаралу керек екенін ескертті.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Сақтанғанды Құдай сақтайды. Бұл індетпен күресуге толық мүмкіндігіміз бар екенін баса айтқым келеді.  Бұл қиындықты бәріміз бір халық, бір қоғам болып міндетті түрде еңсеріп шығамыз. Бұл - уақытша дүрбелең. Осы дағдарыстан абыроймен өтуіміз керек! Енгізілген шектеулерге әр азамат жауапкершілікпен қарауы тиіс. Әр адам барынша сақтанып, вирустың таралмауына атсалысуы қажет.

Айта кетейік, елдегі төтенше жағдайды қадағалау үшін арнайы мемлекеттік комиссия құрылды. Ол Үкімет басшысы Асқар Маминнің төрағалығымен жұмыс істейді.

А.Мүтәлі