Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Шымкентте кәсіпкерлердің жүгін пара алып өткізіп келген кеденшілер сотталды

AstanaTV
16.03.2020ж. 20:00
2739
Шымкентте кәсіпкерлердің жүгін пара алып өткізіп келген кеденшілер сотталды

Шымкентте ұйымдасқан түрде кәсіпкерлерден ірі көлемде пара алып келген кеденшілер ісіне бүгін сот нүкте қойды. 12 кеден қызметкері мен үш делдал сотталды. Кеден саласында басшылық қызметте отырғандардың алды 10 жылдан арқалады. Ақталып шыққаны да бар. Сот барысын әріптесім Айзада Төребекқызы тарқатады.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Шымкенттегі қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты кеденшілерге қатысты істі 8 айдан астам уақыт қарады. Қылмыстық іс 180 томнан тұрады.

Адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен жасалған қылмыстың басында бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облыстық Мемлекеттік кіріс департаменті  бастығының орынбасары мен үш бірдей кеден бекетінің басшысы бар.  Екі кеденші 10 жылға бас бостандығынан айырылса, тағы үшеуі 4 жылға жаза арқалады. Одан бөлек алты адам 7 жылға сотталды.
Соттың дерегінше адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен жасалған қылмыс 2017 жылдың маусымы мен 2018 жылдың ақпаны аралығын қамтыған. Олар бекеттерден өтетін жүктердің қожайындарынан  кедергісіз өткізу үшін параның мөлшерін де белгілеп қойған деді судья.

Әбинұр ҚАРАБАЕВ, ШЫМКЕНТ Қ. ҚЫЛМЫСТЫҚ ІСТЕР ЖӨНІНДЕГІ МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН АУДАНАРАЛЫҚ СОТЫНЫҢ СУДЬЯСЫ:

Параның мөлшерлемесі : көкөністер, жемістер және кептірілген жемістерді импорттау үшін бір вагон немесе бір автокөлікке 300-ден 800 АҚШ долларына дейін болған ставкалары да.  Ресей Федерерациясынан Өзбекстан Республикасына ағаш материалдарын транзиті үшін бір вагон немесе бір автокөлікке 10 мың теңгеден 200 АҚШ долларына дейін параның мөлшері болған. 

Алынған сомма аз емес көрінеді. Қылмысын мойындағаны да, соңына дейін мойындамағандары да бар. Дегенмен жасырын тергеу әрекеттері кезінде олардың бір ғана кәсіпкерден 13 мыңнан 34 мың АҚШ долларына дейін ақша алғанын дәлелденген. Яғни сұрағанын бермегенге кедергі көп.

Әбинұр ҚАРАБАЕВ, ШЫМКЕНТ Қ. ҚЫЛМЫСТЫҚ ІСТЕР ЖӨНІНДЕГІ МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН АУДАНАРАЛЫҚ СОТЫНЫҢ СУДЬЯСЫ:


Олармен сөйлескен кезде өздерінің талаптарын айтады.Осындай ставкамыз бар,  осыны бермесең саған кедергі жасаймыз. «Қапланбек» бойынша осы жасырын тергеу әрекеттерімен жазылған пара суммасы -29 млн 853 мың 715 теңге жалпы, Қазығұрт» кеден бекеті бойынша 20 млн 528 мың 680 теңге. Ал мысалы «Сарыағаш станциясы» бойынша 2 млн 922 мың 52 теңге.

Әу баста аса ірі мөлшерде пара алды деп айыпталған 16 адам болатын.  Өзге айыпталушылар жазасының өтеу мерзімінің аяқталуына байланысты сот залынан босатылса, тағы бір кеден бекетінің қызметкері қылмысының дәлеленбеуіне байланысты ақталып шықты.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Сотталғандардың барлығы жазасын қауіпсіздігі барынша төмен түзеу мекемеде өтейтін болады. Айта кетейін, оларға өмір бойына мемлекеттік органдарда қызмет етуге тиым салынды.

А. Төребекқызы