Түркістан облысының полицейлері карантиннен қашып кеткен Шымкент тұрғынына қатысты істі тергеуді бастады. 32 жастағы ер азамат елге 10- наурыз күні шетелден ұшып келген. Аталған дерттің аймақтағы ахуалын әріптесім Айзада Төребекқызы баяндайды.
Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:
Карантиннен қашқан Шымкент тұрғыны, Вьетнамда жұмыс істеп қайтқан. Полицияның дерегіне сүйенсек, 32 жастағы жігіт Алматыға Мәскеу арқылы транзитпен ұшып келіпті.
Сол рейстегі жолаушылардың бірінде қауіпті кесел анықталуына байланысты көппен бірге 14 күнге карантинге алынған. Алайда Қазығұрт ауданындағы жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылған жолаушы мекемеден қашып кеткені белгілі болды.
Салтанат ҚАРАКӨЗОВА, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:
Қашып, өзінің Арыс ауданында тұратын ата-аналарының үйіне барған. Сол жерде полиция қызметкерлерімен ұсталып, жедел жәрдем дәрігерлерімен бірге қайтадан Қазығұрт ауданында орналасқан жұқпалы аурулар ауруханасында қазіргі таңда карантинде. Оған қатысты +сотқа дейінгі тергеу амалдары басталып кетті.
Түркістан облысында қазір шетелден келген 20 адам дәрігердің жіті бақылауында. Оқшауланғандардың бесеуі Италиядан оралса, 15-і Оңтүстік Кореяда болған. Аймақ дәрігерлері науқастар тіркелмегенін мәлімдеді. Шымкентте де жағдай тұрақты екенін айтты. Мегаполистегі жұқпалы аурулар ауруханасында 68 адам карантинге алынған.
Мейрамбек ҚҰДИЯРОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ЖҰҚПАЛЫ АУРУЛАР АУРУХАНАСЫ БАС ДӘРІГЕРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Азаматтардың барлығы тексеруден өтті. Ешқайсысында коронавирустың белгілері табылған жоқ. Барлығының дене қызулары көтерілмеген, бірқалыпты. Жағдайлары бәрінің жақсы қазіргі. Бұлардың оқшаулауға барлық жағдайлары жасалынған. Әрқайсысы келген күндеріне байланысты, келген мемлекеттеріне байланысты бұған дейінгі бірге болғандарына байланысты ғана бөлінген барлығы.
Шымкентте оқшауланғандар негізінен Германия, Оңтүстік Корея және Қытайда болғандар. Арасында Тараз қаласы мен Түркістандықтар да бар екен. Басым бөлігі қала тұрғыны. Карантин мерзімі аяқталғасын үйлеріне жіберілгеннен кейін де бұл азаматтар он күндей жергілікті дәрігерлердің бақылауында болады.
Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:
Айта кетейін, әлемді алаңдатқан қауіпті індеттен жалтарғандар, турасын айтқанда карантиннен «қашқандар» жазадан тыс қалмайды. 4 жылға дейін мерзімге бас бостандығынан айрылуы мүмкін. Ал, коронавирус кеселі анықталғандар кімдермен байланыста болғанын жасырса жаза тіптен ауыр.
А. Төребекқызы