Алматыда коронавирус жұқтырған 2 жастағы бүлдіршіннің де жағдайы нашарлаған. Бұл туралы қалалық қоғамдық денсаулық басқармасы хабарлады. Бұған дейін тағы бір науқастың дерті асқынғанын айтқан еді. Жалпы, қалада көпқабатты үйлер де карантинге жабылып жатыр. Тәулік ішінде көпқабатты 6 үй оқшауланды. Төтенше жағдайға қарамастан, жолсыз өткелдермен ағылған көліктерді тотату үшін бақылау күшейді. Мегеполистегі бүгінгі жағдай туралы тілшіміз тарқатады.
Алматыда Covid-19 инфекциясының белгілері тағы үш адамнан анықталған. Белгілі болғандай біреуі шетелден келген жолаушымен байланыста болыпты. Екінші науқас - "Берлин-Алматы" чартерлік рейсінің бортсерігі, ал үшіншісі - кеше "Париж-Минск-Алматы" рейсімен ұшып келген. Қазір дертке шалдыққандардың жалпы саны мегаполисте 22-ге жетті. Дейтұрғанмен олардың арасындағы 2 жастағы бүлдіршіннің жөтелі күшейіп, жағдайы нашарлаған.
Тілеухан ӘБІЛДАЕВ, АЛМАТЫ қ. ҚОҒАМДЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
Бүгінгі күні 20 науқастың жай-күйі қанағаттанарлық. Екі адамда ауырлығы орташа. Қазіргі таңда қаланың провизорлық госпитальдерінде карантинде 696 адам, үй карантинінде 1108 адам медициналық бақылауда.
Шаһардағы көпқабатты үйлердің бүгін тағы 6-уы оқшауланды. Кеше элиталық «Сұңқар» тұрғын үй кешені карантинге жабылған болатын. Бұл үйлердің тұрғындарынан науқас адамдар табылған. Сондықтан "Ұлттық ұлан" сарбаздары мен сақшылар көпқабатты үйлерді қоршауға алды. Тұрғындардың айтуынша, карантин екі аптаға созылады.
Ал, Алматыға әртүрлі себептермен кірмек болған облыс тұрғындары, қулыққа басып, блок-посттардан айналып өтуде. Осыған орай полиция департаменті тарапынан қосымша партулдік жасақ бөлінген. Айта кетейік, қаладағы көлік саны соңғы тәулікте төрт есеге азайған.
Жандос МҰРАТӘЛИЕВ, АЛМАТЫ қ. ПД ӘКІМШІЛІК ПОЛИЦИЯ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
Айыппұл әлі салынған жоқ. Ешқандай шара қолданған жоқ. Кеше бір-екі фактілер болды. Біздің қызметкерлердің нұсқамасын тыңдамағандарға ескертулер жасалды. Полиция қызметкерлерінің мақсаты қоғамдық тәртіпті сақтап қалу. Алматы қаласында басқа да қылмыстар жасалмауына біздің қызметкерлер жаяу түрде, партулдік түрде қызметтер атқарып жатыр.
Айта кетейік, карантин жарияланған екі күнде Алматы қаласынан 100 мыңнан аса адам шағып, 100 мыңға жуық қала тұрғыны кірген.
Ерлан ҚОЖАҒАПАНОВ, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
19 наурыз күні қалаға 3884 көлік кірсе, 4383 көлік қаладан шықты. 20 наурыз күні қаладан 10272 көлік шығып, қалаға 17 810 көлік кірген. Бұл көліктермен қалаға 19 күні 47 325 адам кіріп, 45 956 адам шықты. Ал 20 күні 54 700 адам шықса, 49 018 адам кірген.
Аршын КЕМЕЛЖАН, ТІЛШІ:
Қалада бүгінгі күні жалпы саны 7 көпқабатты үй карантинге алынды. Жергілікті билік өкілдері бұл көркескіш ұлғаюы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Сондықтан тұрғындарды төтенше жағдайға жауапкершілікпен қарауға шақырады. Яғни, жеке бастың тазалығын ұстап, сыртқа шықпай үйде болуға кеңес береді.
А. Кемелжан