Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×
Біз біргеміз

Қарағандыда короновирус жұқтырғандар мен карантинге жатқызылғандар саны көбейді

AstanaTV
27.03.2020ж. 20:00
2289
Қарағандыда короновирус жұқтырғандар мен карантинге жатқызылғандар саны көбейді

Ал, Қарағандыда тағы екі адамнан коронавирус анықталып, науқастар саны 4-ке жетті.  Қауіпті дерт анықталғандар 18-інші наурызда кеншілер қаласына қонған, "Минск - Нұрсұлтан" рейсінің жолаушылары. Өңірдегі ахуалды Айжан Қуаш баяндайды.

Кесел белгілері анықталған екі жолаушы да - Семей қаласының тұрғындары. Олар - анасы мен қызы. Жолаушылар карантинге жатқызылғалы, яғни 9 күннен кейін ғана дене қызулары көтерілген.   

Ержан НҰРЛЫБАЕВ, ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСТЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

Олар 18- інші наурызда келген. Дереу ауруханаға жатқылызғандықтан сыртқы ортамен байланыста болған жоқ. 19-ыншы наурызда вирусологиялық зерттеу нәтижесінде ауру анықталмаған. Кеше қызулары көтеріліп, тамақтары ауырған соң дереу талдау жасалды. Нәтижесінде Covid19 диагнозы расталды. Қазір жағдайлары қанағаттанарлық.

Медицина мамандарының мәліметінше, бұдан бұрын ауырған екі науқастың да жағдайы тұрақты. Олар арнайы оқшауланған бокстарда ем алып жатыр.

Айжан ҚУАШ, ТІЛШІ:
 
Қалада 1-інші деңгейлі елдерде демалып келген тағы 314 адам стационарлық карантинге алынған.  Тағы 152 тұрғын, үй жағдайында оқшауланыпты. Қала көшелерінде бетперде киген адам қарасы көбейген. Дегенмен елдегі төтенше жағдай ережесін бұзғандар да жетерлік.

Кеше кешкісін Алматы арқылы Мысырдан оралған ерлі- зайыптылар ауруханаға  карантинге жатудан бас тартып үйлерінен шықпай қойды. Санитарлық дәрігерлер мен полицейлер өрт машинасын шақырып, терезеден күшпен кіруге мәжбүр болды. Ақыры заңнан қорыққан отбасы госпитальға жатқызылды. Төтенше жағдай ережесін той- томалақ жасап бұзғандар да бар. Соңғы бірнеше аптада осындай 100-ден астам әкімшілік іс тіркелген. 80-і сотқа тапсырылса, 11 жағдайда заң бұзғандар қамалған.

Жанатай СЕМБЕКОВ, ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСТЫҚ ПД БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:

Аталған жауапкершілікке тартылған азаматтар тыйым салынғанына қарамастан іс- шаралар өткізіп, концерттер және түнгі клубтар, фитнес орталықтарында жұмыс өткізіп және тек өздерінің ғана емес азаматтардың да өмірі мен денсаулығына қауіп төндірген.


Қазір аймақта 6 санитарлық бекет жұмыс істеп тұр. Онда соңғы бір аптада 54 мыңнан астам адамның температурасы тексерілген. Нысандарға санитарлық залалсыздандыру жұмыстары да жүргізілуде. Ал, көшелерде адам қарасы азайған.   Қаладағы ірі сауда орталықтары болса, әзірге жұмыс істеп тұр.

А. Қуаш