Спорт Қазақстан
$448.56 €478.03 ₽4.79
×

Елордада төтенше жағдай талаптарын бұзған 198 адам ұсталды

AstanaTV
30.03.2020ж. 20:00
1293
Елордада төтенше жағдай талаптарын бұзған 198 адам ұсталды

Нұр-Сұлтанда төтенше жағдай талаптарын бұзған 198 адам ұсталды. Оларға қатысты әкімшілік жаза қолданылған. Бұл туралы арнайы жүргізілген рейд кезінде қалалық полиция департаментінің өкілдері мәлімдеді. Қаладағы қозғалысты азайту үшін мыңнан астам полиция қызметкері жұмылдырылған.

Ғалымжан ӨТЕМІСОВ, ТІЛШІ:

Елордада төтенше жағдай күшейтілгелі, қала ішіндегі маңызды көшелерде дәл осындай 25 блок-пост орнатылған. Полиция өкілдерінің ескертуіне қарамай, бір күннің өзінде 400-ге жуық құқықбұзушылық тіркеліпті.

Шаһардағы барлық мекеме мен ұйым өз жұмысы тоқтатты. Тек, қаланың күнделікті тыныс-тіршілігіне жауапты кәсіпорындар ғана қызметін жалғастыруда. Медицина, полиция және әскери сала мамандарының да жұмысы қауырт. Полицейлер жол қозғалысын тежеуге кірісіп кеткен. Тұрғындар керек-жарағын алуға немесе жұмысқа бару үшін ғана үйлерінен шыға алады.

Ғосман ЖАҚИН, НҰР-СҰЛТАН қ. ПД ЖЕРГІЛІКТІ ПОЛИЦИЯ ҚЫЗМЕТІНІҢ БАСТЫҒЫ:

Өкінішке орай талаптарды сақтамайтын тұрғындар әлі де бар. Оларға барынша түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Төтенше жағдай күшейтілген мерзімде сақтық шараларын арттырамыз. Алайда халық та бізге көмектесуі қажет.

Тәртіпке бағынған құл болмас. Десе де, жақынына алаңдап, талапты бұзуға мәжбүр болғандар да кездесті. Мұндайда қайтпек керек? Мәселен өзін Еркін деп тыныстырған мына жігіттің әйелі хәл үстінде жатыр. Ешқандай анықтамасыз бақылау бекетінен өте алмайды.

Еркін, ТҰРҒЫН:

Бармасам қалай енді? Өздеріңіз де түсінесіздер ғой. Аяғында тапчкасы да жоқ. Апарып беруім керек заттарын. Қазыр ол кісіні операцияға дайындап жатыр.


Карантин тәртібіне бой ұсынғандар да бар. Олар қауіпті індеттің ілмегінен сақтануға әрекет жасауда. Тұрғындар толастамайтын көп көше қазір қаңырап бос қалған.

Ғалымжан ӨТЕМІСОВ, ТІЛШІ:

Дәл қазір біз Нұр-Сұлтандағы адам ең көп жүретін Республика даңылының бойындағы аулалардың біріндеміз. Тұрғындар да қауіпті індеттің қатерін жақсы түсінеді. Сондықтан үйлерінен шықпай, өздерін оқшаулап отыр. Бұған дәлел, өдеріңіз көріп тұрғандай аулада ешқандай қозғалыс жоқ.


Айта кетейін қалада 6-шы сәуірге дейін бірде-бір қоғамдық көлік жүрмейді. Ал карантин ережесін бұзғандарға айыппұл салынбақ, 15 тәулікке дейін қамау қарастырылған. Тіпті қылмыстық жауапкершілікке де тартылуы да мүмкін.

Ғ. Өтемісов