Спорт Қазақстан
$444.32 €473.33 ₽4.76
×

Павлодар облысында мұз опырылып балықшы мерт болды

AstanaTV
31.03.2020ж. 20:00
1966
Павлодар облысында мұз опырылып балықшы мерт болды

Павлодарлық құтқарушылар балықшыларға мұз айдындарына шықпауға кеңес береді. Өйткені, соңғы бір тәулікте ауа райы күрт жылынған. Соның салдарынан Баянауыл ауданында мұз опырылып бір балықшы мерт болды. Ал облыс орталығында 2 бірдей отбасы  мұз үстінде отбасылық мейрам ұйымдастырмақ болған. Тұрғындарға қандай шара қолданылды? Құтқарушылармен бірге рейдке шыққан тілшіміз тарқатады.

Өзгеріс ҚУАНАР, ТІЛШІ:

Қазір мұз үстінде балық аулау өте қауіпті. Сондықтан, төтеншеліктер мұзға мүлдем шықпауға кеңес береді. Өйткені, кез келген сәтте мұздың опырылып кету қаупі жоғары - дейді, мамандар.

Бірақ, бұл ескертуге құлақ асып жатқандар шамалы. Мұз үстінде қармақ ұстаған балықшылардың қарасы қалың. Оларға құтқарушылар тек ескерту ғана жасады. Басқаша шара қолдануға құзыреті жоқ.
 
Балық аулауды сүйікті ісіне айналдырған - Ізбасар ақсақал күніне бір рет өзенге келетінін айтады. Ондағы ойы қаланың қым-қуыт тірлігіннен миын сергіту дейді. Мамандардың ескертуін құп алған тұрғын, енді мұз үстінде балық аулауға келмейтінін жеткізді.

Ізбасар БЕЙІСОВ, ПАВЛОДАР ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Рахмет сендерге! Конечно, жұртқа айтып түсіндіріп, ол дұрыс бір жағынан. Үйде семья бар. 5 немерем бар. Қалай енді үйге тірі келу керек ғой.

Құтқарушылар ауа-райы жылынғалы бері күн сайын рейдке шығады. 700-ден астам тұрғынға ескерту де жасаған. Алайда, Баянауыл ауданында ескертуді елемеген бір тұрғынның қайығы аударылып, балықшы мерт болды. Тағы 2 бірдей жанұя мұз үстінде отбасылық мейрам жасап, кәуап пісірмек болған. Дер кезінде жеткен құтқарушылар оларды үйлеріне қайтарыпты.

Ерқанат АҚҚУЗИНОВ, ЖЕДЕЛ ҚҰТҚАРУ ЖАСАҒЫНЫҢ БАС ҚҰТҚАРУШЫСЫ:
 
Су деңгейі де өзгеріп отырады. Бұл мұздың қауіпсіздігімен тікелей әрекет етеді. Өйткені, бір-екі толқынан кейін мұздың опырылып кетуі әбден мүмкін.

Мамандар мұздың қалың болуы оның қауіпсіз екендігін білдірмейтінін айтады. Өйткені, жылы ауа райынан судың құрылымы өзгереді деп отыр. Сондықтанда, құтқарушылар мұз еріп кеткенге дейін балық аулауды доғара тұрған жөн - дейді.

Ө.Қуанар