Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Төтенше жағдай кезінде азаматтардың еңбек және әлеуметтік құқықтарын қорғау мәселелері "Nur otan" партиясының бақылауында

AstanaTV
01.04.2020ж. 20:00
4148
Төтенше жағдай кезінде азаматтардың еңбек және әлеуметтік құқықтарын қорғау мәселелері "Nur otan" партиясының бақылауында

Елдегі төтенше жағдай кезінде "Nur otan" партиясы әлсіз топтағы азаматтарға бірінші кезекте қажет азық-түлік пен қорғаныш құралдарын таратумен ғана шектеліп қалмады. Пандемия кезіндегі талаптардың сақталуын да бақылап отыр. Әсіресе әлеуметтік мәселелер негізгі назарда. Бұл жұмыстар тікелей мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен жүзеге асуда. Сондай-ақ, аймақтарда партиялық бақылау комиссиясының жұмысы күшейтілген. Қарапайым азаматтардың еңбек құқықтарын сақтауды да «NUR OTAN» партиясы қатаң бақылап отыр. Бұл туралы партия төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Фейсбук әлеуметтік желісінде жазған болатын.

Бауыржан БАЙБЕК, «NUR OTAN» ПАРТИЯСЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:
 
Азаматтардың өтініштері бойынша жедел әрекет ету үшін Call-орталығы мен "Nur Otan-ның"онлайн- сервистердің қоғамдық қабылдауының жұмысы күшейтілді. Азаматтардың еңбек, әлеуметтік және басқа да құқықтары , сондай-ақ карантин кезінде жұмыс берушілердің ұсынылған форматты сақтау мәселелері партияның  бақылауына алынады.

«Nur Otan» партиясының өкілдері қазірдің өзінде еңбек нормаларының бұзылу деректерін анықтады. Түркістан облысындағы Сайрам ауданының білім бөліміне қатысты мұғалімдер арыз айтқан. Шағымданғандар өздерін үйлерінде медициналық маска тігуге мәжбүрлегенін көрсеткен. Ал бетпердеге қажет материалдарды жергілікті әкімдік беріп отырыпты. Шенділер тиісті жазасын алды.

Қайнар АБАСОВ, «NUR OTAN» ПАРТИЯСЫ ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫ ЖАНЫНДАҒЫ ПАРТИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ КОМИССИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
 
Соңғы кездері Сайрам ауданынан мұғалімдерді мәжбүрлеп маска тіккізіп жатыр деген шағым жиі түсті. Партиялық бақылау комиссиясы осы шағымдарға байланысты арнайы тексерулер жүргізді. Бірқатар кемшілік анықталды. Мұғалімдерді міндетінен тыс жұмысты атқартып, қызмет бабын пайдаланған аудан әкімінің орынбасарына «ескерту», білім бөлімінің басшысына «сөгіс» шарасын көрдік. Қазіргідей күрделі жағдайда мұндай мәселені орынсыз деп санаймыз. Ал қайталанбауын партия қатаң бақылауға алады.

Ал Қызылорда облысында төтенше жағдай режимін бұзған Төңкеріс ауылдық округінің әкімі қызметімен қош айтысты. Әлия Нұрманованың ауыл тойының «мейманы» болғаны белгілі болды. Шенеунік қатысқан мерекелік салтанаттан суреттерді оның жерлестері жариялаған.

Әлия НҰРМАНОВА:

27 наурыз күні туған қайынағам келін алатын болды. Үзілістің кезінде жарты сағатқа барып, сол келіннің сырғасын ғана салдым. Қалған уақытта жұмыста болдым. Бір әулеттің келіні болғандықтан үлкендердің айтқанын ғана орындадым, басқа бөтен ниетім болған жоқ. Мен толық мойындаймын кінәмді.

Әбділда МАҚҰЛБЕКОВ, «NUR OTAN» ПАРТИЯСЫ ШАФ ПАРТИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ КОМИССИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Назарда ұстап отырмыз қазір қауіпсіздік шараларын. Соған байланысты  Нұрманова Әлияға шарасын беріп отырмыз. Біріншіден, саяси кеңестің мүшелігінен шығару, екіншіден, сөгіс беру. Өзі елді басқарып отырып, сол «Nur Otan» партиясының  мүшесі ретінде, Президенттің өкілі ретінде ең бірінші тәртіпті өзі бұзып отырған.

Ш. Сақтапова, А. Торебекқызы