Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

Шымкенттегі әскери жиынға еріктілер арасынан 100-і іріктеліп алынды

AstanaTV
14.04.2020ж. 20:00
2219
Шымкенттегі әскери жиынға еріктілер арасынан 100-і іріктеліп алынды

Шымкентте бүгіннен бастап еріктілер арасынан іріктелген 100 азамат, әскери жиынға кірісті. Олар енді жергілікті әкімдіктің, пандемияға қарсы шараларына ат салысады. Президент жарлығына сәйкес сапқа тұрғандарға артылар жүк пен қойылған талап жеңіл емес. Тілшіміз тарқатады.

Сапқа тұрғандар пандемиямен күресуге сақадай сай. Бір тобы әскери формада болса, енді бір бөлігі залалсыздандыру жұмысына қажет киіммен жарақталыпты. Барлығы да өз еріктерімен әскери жиынға келгендерін айтады. Олардың  жас шамасы 20 мен 35-тің аралығында.

Айдос ЗАИТОВ:

Менің ойымша ол әрбір Қазақстан азаматының борышы. Өйткені бұл індет барлығына қатысты. Өйткені қаншама адам қайтыс боп жатыр, ауырып жатыр. Сол үшін бұл әрбір азаматтың борышы сияқты кеп көмектесу елімізге.

Індет кезінде өз борышын өтеуге үш жүздей азамат ниет білдіріпті. Тек соның 100-і ғана іріктеп алынған. Қорғаныс саласындағылар бұған дейін әскери борышын өтегендер барлық талапқа сай келеді, деді.

Алмаз ТІЛЕУХАНОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ҚОРҒАНЫС ІСТЕРІ ЖӨНІНДЕГІ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ:

Ешқандай мәжбүрлеу болған жоқ, өз еріктерімен жарлықты ести сала хабарласты. Біз іріктеу жұмыстарын жүргіздік. Медициналық куәландырудан өткіздік. Денсаулық жағдайлары жақсы. Әскер қатарында қызмет атқаруға жарамды. Сондықтан басқа да заңға қайшы келетін әскерде қызмет жасауға бұларда ондай моменттер жоқ. 

Саптағы 100 әскери бір ай бойы, қала аумағында қызмет ететін болады. Төрт ауданға топтастырылыпты. Әр топ жергілікті әкімдік жүктеген жұмыстарды атқармақ.
 
Алмасбек МАМЫТБЕКОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

13-сәуір мен 13-мамыр аралығында шақырылған осы азаматтар. Осы уақыт аралығында азанғы 9-дан кешкі 18-00-ге дейін сол аумақтарында дезинфекция жұмыстары бар, тағы да басқа тазалық жұмыстары, банктердегі, басқа жерлерде өздерінің азаматтық жұмыстарын жүргізетін болады.


Әскери міндеттілерді тасымалдауға, арнайы көлік бөлінген. Олардың ыстық тамақ мәселесі де алдын ала қарастырылған. Айта кетейін, ерікті әскери міндеттілердің тоқсан пайызы жұмыссыз ретінде тіркелгендер. Сондықтан оларға ең төменгі мөлшердегі 42 500 теңге жалақы төленбек. Жергілікті билік егер қажеттілік туындаса еріктілер қатарын арттыру, әскерилердің мерзімі ұзартылуы да мүмкін деп отыр.

А. Төребекқызы