Негізгі / Жаңалықтар / Шымкентте дезинфекцияға ауыл шаруашылығында қолданылатын химикат пайдаланылған, -ДП

Шымкентте дезинфекцияға ауыл шаруашылығында қолданылатын химикат пайдаланылған, -ДП

Шымкентте белгісіз заттан уланып қайтыс болған үш бүлдіршіннің өліміне, ауыл шаруашылығында қолданылатын химикат себеп болған. Бұл туралы полиция хабар таратты.

Ержан ПАЙЫЗБЕКОВ, ШЫМКЕНТ қ. ПД ІШКІ ЖӘНЕ СЫРТҚЫ КОММУНИКАЦИЯЛАР БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ:

Күдікті қайтыс болғандардың үйінде зиянды жәндіктерге қарсы улы химикаттармен дезинфекция жасағаны анықталды. Ол ауыл шаруашылығы саласында пайдалануға арналған «Имидаклоприд» затын қолданған. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалып, сотпен екі айға дейін қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы санкцияланды.

Еске сала кетейін, биыл 13-ақпан күні қаладағы көпқабатты үйлердің бірінде пәтер жалдап тұрған қос отбасының бес мүшесі кенеттен құсып, ауруханаға түскен болатын. Сол кезде 8 айлық сәбиге дәрігерлер араша бола алмады. Санэпидемиологтар жаппай улануға төменгі қабатта орналасқан пәтердегі бүрге мен тарақанға қарсы дәрілеу жұмыстары себеп болуы мүмкін екенін айтқан болатын. Полицияның дерегінше күдіктінің былтырғы 3-қараша күнгі улану жәйтіне де қатысы болуы мүмкін. Ол кезде бір отбасы 4 жасар және 10 айлық сәбиінен айрылып қалған еді.

А. Төребекқызы