$498.34 €519.72 ₽4.85
×

4 миллионға жуық қазақстандық 42500 теңге көлеміндегі жәрдемақыны алған

AstanaTV
22.04.2020ж. 20:00
2549
4 миллионға жуық қазақстандық 42500 теңге көлеміндегі жәрдемақыны алған

42 мың 500 теңгені - 4 миллионға жуық қазақстандық алып үлгерді. Табысынан айрылған кейбір азаматтарға қаржылай көмек екінші рет түсе бастапты. Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры мамандары республика бойынша, 6,5 миллионнан астам өтініш түскенін айтты. Алайда ақшалай қолдауға үміткерлер саны шын мәнінде едәуір аз. Өйткені кейбір азаматтар өтініштерін бірнеше мәрте жіберген деді. Қиын кезеңде жұртшылыққа төленген жәрдемақы жайында келесі материалда.

Карантинге дейін емделушісі үзілмейтін мына бір медициналық орталықтың қаңырап бос тұрғанына біршама уақыт болды. Емдеудің ерекше түрін қолданатын Бубнов орталығының мамандары қажетті жәрдемақыны дер кезінде алыпты. Мекеме басшылығы қызметкерлерінің атынан өтінішті жедел жібердік деп отыр.

Еркін АТАСБАЕВ, «БУБНОВСКИЙ» МЕДИЦИНАЛЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Жұмыс тоқтағанына қанша уақыт болды? Карантин сіз басқарып отырған мекемеге қалай әсер етті? Жұмысшыларға жалақысыз демалысқа шығардық. 42500 жайлы естіген соң жұмысшыларға өтініш жібердік. Үш күн ішінде алып үлгерді. Бұл үлкен көмек болғаны рас.

Жұмыс берушілер қарамағындағылардың қамын күйттеп, барынша қаржылай қолдауға тырысып бағуда. Бірі кәсіпорын атынан көмек берсе, екіншісі мемлекет бөлген әлеуметтік жәрдемақыға өтініштерді жіберіп әлек. Көптен күткен көмекке қолы жеткен жанның бірі Қобылан Сәдуақасов. Нұр-Сұлтандағы №4 автопаркте 10 жылдан астам уақыт жұмыс істейді. Көлік жүргізушісі карантин кезінде бөлінген қаражат аз да болса, көңілге медеу деп отыр.

Қобылан СӘДУАҚАСОВ, АВТОБУС ЖҮРГІЗУШІСІ:

30 наурыздан бастап, жұмысшылардың бәрі үйлеріне таратылды. Менің білуімше автопаркте ешкім жекелей өтініш жіберген жоқ. Барлық данныйларды мекеме басшылығы өздері жіберген. Көп ұзамай 200 шақты қызметкердің бәрі төлемақы алды.

Сарапшылар мемлекет тарапынан жасалған бұл қадам дер кезінде қолға алынды  дейді. Әрі мұндай көмек, көршілес елдерде жоқ екенін айтты.   

Сапарбай ЖҰБАЕВ, ЭКОНОМИСТ:

Орталық Азия елдерінде мұндай жәрдемақы тек ғана бізде бар. Мәселен Өзбекстанда азық-түлік мәселесін тек бизнесмендер арқылы шешіп жатыр. Қазақстан үкіметінің мұқтаж адамдарға 42500 тағайындауы өте үлкен қаржылық қолдау болып отыр.

Карантин кезінде жұмыссыз қалған халықты қолдау шаралары, енгізілген шектеулер аяқталғанша жалғаса бермек.

Ғ. Өтемісов