Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Қазақстанда төтенше жағдай режимі 11 мамырға дейін ұзартылды

AstanaTV
27.04.2020ж. 20:00
3329
Қазақстанда төтенше жағдай режимі 11 мамырға дейін ұзартылды

Қазақстанда төтенше жағдай режимі 11 мамырға дейін ұзартылды. Халыққа үндеу жолдаған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін осыны жеткізді. Мемлекет басшысының айтуынша, карантин талаптары біртіндеп жеңілдетіледі. Жаңа өзгерістер жайында Айя Мүтәлі тарқатады.

Карантин режимін біртіндеп жеңілдету күнделікті тіршілікке қайта оралу емес. Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жолдаған үндеуінде осылай деді. Оның айтуынша, бірінші кезекте өнеркәсіп, құрылыс, банктер мен халыққа қызмет көрсету орталықтары жұмысқа қайта кіріседі. Ал, ойын-сауық және сауда орталықтары, саябақтар мен адам көп шоғырланатын басқа да орындар әзірге ашылмайды. Мемлекет басшысы ел азаматтары мен бизнесті қолдау жалғаса беретінін жеткізді. Ол үшін қазынадан 6 триллион теңгеге жуық қаржы қаралғанын айтты.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

1,6 миллионнан астам адам, 11,5 мың шағын және орта бизнес өкілі несиелерін кейін төлеуге мүмкіндік алды. Бұл жалпы алғанда 360 миллиардтан астам теңгені қамтиды. Бүгінде шағын және орта бизнес күрделі жағдайға тап болды. Осы салаға қазір көмектеспесек, экономиканы қалпына келтіре алмаймыз.

Елбасының бастамасымен құрылған «Біргеміз» қорынан мұқтаж азаматтарға да қаржы бөлінді. Президент оның аясында бір кісідей атсалысып жүрген нұротандықтардың жұмысын ерекше атап өтті. Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанды күтіп тұрған үлкен экономикалық дағдарыс жайында да сөз қозғады. Ол үшін қазірден бастап оған қарсы шараларды қолға алу керектігін жеткізді. Сарапшылар да карантиннен кейін елде үлкен реформа болатынын айтады.  

Алуа ЖОЛДЫБАЛИНА, САЯСАТТАНУШЫ:

Көріп отырмыз күнделікті дағдыларымыздың, әдеттеріміздің өзі өзгеруде. Әрине, біріншіден медицина, білім беру саласы үлкен өзгеріске ұшырайды. Әсіресе технологияның салдарынан. Екіншіден цифрлық технологияларды дамыту үлкен мүмкіндік алады.

Президент вирус жұқтырған ақхалаттылардың мәселесін жіті зерттеп, басшылардың жауапкершілігін қарауды тапсырды. Одан бөлек кронавирусты анықтауға арналған отандық тест-жүйесін қысқа мерзім ішінде әзірлеу керектігіне тоқталды. Үндеу соңында мемлекет басшысы ел-жұртты қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға шақырады. Селқостық танытсақ, індеттің жаңа ошақтары пайда болуы мүмкін екенін ескертті.

А. Мүтәлі