Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

COVID-19-ды жұқтырғандардың саны 3000 асты, - ҚР ДСМ

AstanaTV
28.04.2020ж. 20:00
1654
COVID-19-ды жұқтырғандардың саны 3000 асты, - ҚР ДСМ

COVID-19-ды жұқтырғандардың саны 3000 асты. Бір күнде вирусқа шалдыққандардың көрсеткіші 5 пайызға артқан. Денсаулық сақтау министирлігі мәліметі осындай. Бұдан бөлек Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссия карантиндік шектеу шараларын кезең-кезеңімен жеңілдету туралы шешім қабылдады. Тұрғындардың қай уақытта көшеге шығуына рұқсат етілді? Ол қаншалықты тиімді? Әріптесім Асылбек Даниярдың репортажы.

Коронавирустық инфекцияны жұқтыру көрсеткіші бәсеңдемей тұр. Бүгіннің өзінде 159 адамнан індет анықталып, рекордтық көрсетікшке жетті. Біршама уақыттан бері жағдайы тұрақталған елордада бүгін 52 науқастан COVID-19 табылды. Қала әкімінің орынбасары Бахтияр Мәкеннің айтуынша, ауруханада жатқан 10 емделушінің жағдайы ауыр, оның 5-еуі өкпені жасанды желдету құрылғысына қосылған. Сондай-ақ Нұр-Сұлтандағы жеңілдетілген карантиннің жайын түсіндірді.

Бахтияр МӘКЕН, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Азаматтар аулада серуендеу кезінде медициналық маска, қолғап киіп шығуы керек және өзімен жеке куәлігі болуы шарт. Тұрғындарға сыртқа шығуына таңғы 06:00 мен кешкі 20:00-ге дейін рұқсат етіледі. 3 адамнан көп жиналуға болмайды. 60-тан асқан адамдарға аса қажеттік болмаса, аулаға да шықпауға кеңес береміз.

Алматылықтар болса таңғы сағат бестен кешкі тоғызға дейін көшеге шыға алады. Сондай-ақ Алматыға Атыраудағы «Теңізшевройл» ЖШС жұмыскерлері арнайы бортпен жеткізілуде. Бұл туралы қала әкімінің бірінші орынбасары Ерлан Қожағапанов айтты.

Ерлан ҚОЖАҒАПАНОВ, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Қазіргі кезде штаб Атыраудан келген қызметкерлерді қабылдау жұмыстарымен айналысуда. Бүгін Теңізшевройлдың 200 жұмысшысы арнайы бортпен келеді. Оларды карантинге жатқызып, ПТР талдауларын аламыз. Бұл соңғы 5 күнде келген 3-нші борт болып отыр. Кеше Атыраудан келген қызметкерлердің арасынан бір адамнан вирус табылды. Қазір оны дәрігерлер емдеуге кірісті.


Жалпы, республика бойынша жұқпалы кеселді жұқтырғандардың жалпы саны: 3000-нан асты.  754 науқас дертінен айыққан.  Өкінішке қарай 25 адам қайтыс болды. Ал, әлемде пандемияға шалдыққандардың саны 3 милионнан көп. Оның 1 миллионы Америка құрама штаттарында тіркелген. Індеттен қайтыс болғандардың саны 213 мыңға жуықтаған.

А. Данияр