Спорт Қазақстан
$445.66 €474.58 ₽4.78
×

Лас-Вегастағы атыстан қаза болғандар арасында қазақстандықтар жоқ

AstanaTV
03.10.2017ж. 20:00
2419
Лас-Вегастағы атыстан қаза болғандар арасында қазақстандықтар жоқ

Лас-Вегастағы атыстан қаза болғандар арасында қазақстандықтар жоқ. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Әнуар Жайнақов мәлімдеді. Ал жарақат алған 500-ден астам азаматтардың қатарында отандастарымыздың бар-жоғы әзірге аңықталып жатыр. Бұл туралы ақпарат әзірге түспеген.

Ал бүгін музыкалық фестиваль кезіндегі қанды оқиғада көз жұмғандар саны 59 адамға жетті. 64 жастағы қаскөй Стивен Пэддоктің қонақ уйдегі нөмірінен 20-дан аса қару табылған. Сондай-ақ оның үйінен де сақшылар мыңнан аса оқты тәркіледі. Ал АҚШ билігі, зейнеткердің не себепті қолына қару алғанын анықтап жатыр.

Джозеф Ломбардо, Лас-Вегас полициясының шерифі:

Біз оның үйінен 18 қосымша қару-жарақ пен бірнеше мың оқ-дәрі тауып алдық.  Сонымен қатар, түрлі электронды құралдар болды. Оларды сарапшы мамандар зерттейтін болады. Ал көлігінен жарылысқа пайдаланатын амоний нитраттары табылды.

Құқық қорғау органдары өкілінің айтуынша, 64 жастағы Пэддоктың әкесі іздеуде жүрген аса қауіпті қылмыскер болып шықты. Және оның психикалық ауытқулары бар екені анықталды. Федералды тергеу бюросының 1969 жылы түсірілген мына суретінде Пэддоктың әкесі автокөліктерді ұрлау мен алаяқтық бабымен айыпталған деп жазылған. Еске салайық, дүйсенбіге қараған түні Лас-Вегаста қонақ үйдің 32-ші қабатына шыққан ер адам автоматтан оқ жаудырып, жұртты қырып салған болатын.