Спорт Қазақстан
$439.4 €473.54 ₽4.76
×

Қызылжарда кейбір әлеуметтік нысандар әлі күнге дейін азынап тұр

AstanaTV
03.10.2017ж. 20:00
2829
Қызылжарда кейбір әлеуметтік нысандар әлі күнге дейін азынап тұр

Қызылжарда жылыту маусымы ресми түрде бір апта бұрын басталғанымен, кейбір әлеуметтік нысандарда жылу әлі күнге дейін мардымсыз. Балабақшада сәбилер қалың күртемен жүрсе, мектеп оқушылары сабақта сырт киіммен отыруға мәжбүр. Құзырлы мекеме өкілдері бұл сұмдықты жөндеу жұмыстарының әлі аяқталмағанымен түсіндіреді. Жылуға жауапты компания жаңғырту жұмыстарын алты ай жазда тындырмай, не бітірді? Аймақтағы тілшіміз Абзал Құрманкин ахуалды байқап, мәселе мәнісіне үңіліп көрді.

Абзал Құрманкин, тілші:

Күн райының ерте суып кеткеніне қарамастан, Қызылжарда жылыту маусымы әдеттегідей қыркүйектің 25 басталды. Бақандай сегіз күннің ішінде жылуға жауапты компания қаладағы мыңнан астам тұрғын үйдің тек шамамен жартысын ғана жылуға қосқан.

Қалғандары өз кезегін күтіп отыр. Жергілікті билік өкілдері әлеуметтік нысандардың түгел дерлігіне жылу берілгенін хабарлаған. Алайда, кей мекемелердің құбырларында қысым жетіспей, ғимараттар азынап тұр. Солардың бірі «Искорка» балабақшасында электр жылытқыштары қосылған. Бөлмелерде сынап бағанасы 18-20 градустан аспайды. Қара домалақтар қабат-қабат киініп, ойнап жүр. «Дарын» мектебінде де жағдай осыған ұқсас. Оқушылар сабақ үстінде сырт киімін тастамайды. Білім ордасындағы батарейлер болмашы ғана жылыған. Мектеп басшысы, жылыту маусымына әзірлік ойдағыдай жүргізілгенін айтады.

Наталья Мальцева, "Дарын" мектеп-лицейінің директоры:

Шілде айында дайын болдық. Қыркүйектің 25-нде жылу берілді. Магистральден келіп тұрған құбырдағы судың температурасы 60 градус. Негізінде ол 70-тен кем болмауы тиіс. Қысымы да өте төмен. Сондықтан жылу бүкіл жүйеге тарамай отыр. Жылудың қашан дұрыстап берілетіні әзірге белгісіз.

Тұрғындардың тоңып жүргеніне қаланың қақ ортасында жүріп жатқан жөндеу жұмыстары да себеп. Негізгі жылу магистралінің жаңартылып жатқанын өткен жаңалықтарымызда айтқан едік. Төрт ірі құбырды тартып жатқан мердігерлер жоспардан қалып жатқан сыңайлы. Жұмыстың сағызша созылып кеткенін жауапты компания қаражаттың кеш түскенімен түсіндіреді.

Игорь Рыбас, «Петропавл жылу жүйелері» ЖШС бас директоры:

Құбырларды жөндеуге жұмсалатын ақша шілденің 12-сі ғана түсті. Сондықтан жаңғырту жұмыстары кеш басталды. Несие беріп жатқан банктің ақшаны неге кеш бөлгенін білмеймін. Қазір 5 әлеуметтік нысанда дұрыс жылу жоқ. 2 балабақша, 2 мектеп пен бір ауруханада да солай.

Жөнделіп жатқан магистральдің маңайында орналасқан тұрғын үйлер мен мекемелер өзге жүйелерден қосылған. Алайда, шектен асқан қысымға әлгі қосымша жылу жүйелері шыдас бермей жатыр. Кеше кешқұрым Аяған Шәжімбаев көшесіндегі жерасты магистралі сыр берді. Тұрғындардың айтуынша, айнала буланып, көшені су басқан. Қазір су үйлердің жертөлесіне кіре бастаған.

Наталья Епильдифорова, Петропавл қаласының тұрғыны:

Бұл аралықта жылу құбыры әбден ескірген. Диспетчер арнайы топ бүгін келеді деді. Бірақ әлі келмеді, күтіп отырмыз. Су үйіме кіре бастады.

Абзал Құрманкин, тілші:

Құзырлы компания өкілі жөндеу жұмыстары қазанның онына дейін бітеді деп сендіреді. Демек, қысымның қалпына келуіне әлі де бір аптадай уақыт қажет. Ал халық болса, қалың тондарын сайлап қойған. Себебі синоптиктер алдағы күндері ауа райы +1 градустан аспайды деген болжам жасап отыр.

А.ҚҰРМАНКИН