Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Жеңіс күніне орай «Nur Otan» партиясы ҰОС ардагерлерін құттықтады

AstanaTV
06.05.2020ж. 20:00
3773
Жеңіс күніне орай «Nur Otan» партиясы ҰОС ардагерлерін құттықтады

Жеңіс күніне орай «Nur Otan» партиясы ҰОС ардагерлерін құттықтады. Келесі материал 1 ғасырдың куәсі болған қайратты, қайсарлы батыр аталарымыз жайында. Кезінде жауға шапқан ерлер бүгінде жастары 100 ге тақаса да спортты тастамаған. Бірі бассейнде балықша жүзсе, енді бірі ақын- жыршы. Айналасын жігерлендіріп жүрген ардагерлер жайлы Айжан Қуаштың репортажында.

Қарағандылық ардагер Бүркіт ата 98 жасқа аяқ басты. Бүгінде құдай қосқан қосағымен бірге 8 баласынан 21 немере, 22 шөбере көріп отырған бақытты жан. Оның сырын қария спортпен де байланыстырады. Өйткені ардагер бассейнде балықша жүзіп, 600 метрге дейін үздіксіз малти алады екен. Қайсар ақсақалдың майдандағы ерлігі өз алдына бір төбе. Осыны ескерген "Nur Otan" партиясының өкілдері оны арнайы келіп, құттықтады. «Қазақмыс» корпорациясының 1 млн теңге сыйлығын табыстады. Ғасырға жуық ғұмыр кешіп келе жатқан майдангер бүгінгі қиындықты да жеңетінімізге сенеді.

Бүркіт ЕСЖАНОВ, ҰЛЫ ОТАН СОҒЫСЫНЫҢ АРДАГЕРІ:

Тек қана біздің қымтанып, етегімізді жиып ұйымшылдығымызды білдіріп, барлығына төтеп беріп, айтқанды дұрыс ұстап жаңағы мінеки соның арқасында біз осындай жағдайға келдік. Мынау алпауытта анау Америка неше мыңдаған адамдарынан айырылып жатыр. Ол біздің бүкіл халықты ұйымдастыра білгеннің арқасында. Соны сезінген халықтың арқасында понимаете.

Осындай сый-құрметтен астаналық ардагерлерде құр қалмады. Қалада көзі тірі 44 майдангер бар. Оның 11-і Алматы ауданында тұрады. Польшаны, Венгрияны жаудан азат етуге қатысқан Рзағұл Байкешев бүгінде 97 жасқа келген. Өзін Жеңіс күнімен құттықтап келгендерге, қария батасын берді.

Рзағұл БАЙКЕШЕВ, ҰЛЫ ОТАН СОҒЫСЫНЫҢ АРДАГЕРІ:

Біздің көрген бейнетімізді Алла сіздерге көрсетпесін және көрмеңдер де. Сіздердің бала-шағаларыңыз көрмесін. Қыдыр жолдастарың болсын! Періштеден балаларың болсын! Әр уақытта да ақ жолменен аман-есен жүруді жазсын! Менің жасымды берсін, бейнетімді бермесін. Бала-шағаларыңның өмірі ұзақ болсын! Аумин!

Қостанайлық ардагер Қасымхан Алдабергеновті көпшілік "сегіз қырлы, бір сырлы" тұлға деп бағалайды. Ол азулы ақын, абыз жыршы, тілші, апайтөс батыр. Қарт жауынгер соғыста қарулы күштердің элитасы саналатын әуе-десант құрамында болған. 18 жасында майданға аттанған ол Еуропаны жаудан азат етуге қатысыпты. Өткен ғасырдың елуінші жылдары елге оралған соң ширек ғасырға жуық облыстық газетте тілшілік қызмет атқарған. 

Қасымхан АЛДАБЕРГЕНОВ, ҰЛЫ ОТАН СОҒЫСЫНЫҢ АРДАГЕРІ:

Үш ұрпақ ауысты. Бірақ сол Жеңісті әлі құрметтеп келе жатыр. Ризамын.» Елегендеріне, ұмытпағандарына, құрметтегендеріне. Шүкір қазір енді ҰОС ардагерлері ештеңеге де мұқтаж емес деуге де болады.

Ал, Алматыда «Біз біргеміз» акциясы ардагерлер үшін жалғасып жатыр. Оларға ыстық тамақтар мен естелік сыйлықтар таратылды. Айта кетейік, соңғы бір жарым айдан бері қалада жасы сексеннен асқан қарттар тұрақты түрде ыстық тамақпен қамтылуда. Бүгінге дейін 32 мың дана ыстық тамақ жеткізілген.

Айнұр СМАҒҰЛОВА, «NUR OTAN» ПАРТИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ, ШАРА ҰЙЫМДАСТЫРУШЫСЫ:


Ыстық аспен қамтамасыз етілген қарттардың 46-ы ғана ҰОС ардагері. Бірақ қалғандарын бөлмей, барлығына біредей сыйлық табыстадық. Біз барлық ардагерлерді Ұлы Жеңіспен құттықтаймыз. Қарттарымызға ұзақ өмір және бар жақсылықты тілейміз.


Партия тарапынан көрсетілген қолдау қарттарды бір марқайтып тастады. Ардагерлер соғыс жылдарындағы әндерді қоса шырқап, би де биледі.

А. Қуаш, А. Данияр, З. Санай, А. Кемелжан