Коронавирус жұқтырған науқастар Санкт-Петербордағы отқа оранған ауруханада қаза болды. Болжамға сенсек, өрт аурухана палаталарының біріндегі жасанды тыныс алдыру аппаратынан шыққан көрінеді. Дегенмен қазір әлемнің әр түкпірінде карантин тәртібі жұмсарған. Ірі қалаларда дүкендер мен дәмханалар қайтадан ашылды. Ал кейбір курорттар алғашқы меймандарын күтіп алуға дайын. Бірақ тынығу тәртібі- бұрынғыдан өзгеше болмақ.
Өрт шыққан Әулие Георгий ауруханасы өткен айдан бері коронавирус жұқтырғандарды қабылдаған еді. Құтқарушылар ғимараттан 150 адамды алып шыққанымен, бес науқас қайтыс болды. Мамандар тілсіз жау жасанды тыныс алдыру аппаратынан шыққанын айтады. Өйткені дамылсыз жұмыс істеген қондырғы сыр беруі мүмкін деп болжайды.
Ал Еуропа халқы коронавирустың беті қайтқанын тойлап жатыр. Ауру жұқтырғандардың азайғанына қуанған билік те карантин тәртібін біраз жұмсартты. Немістер тіпті дәмханалардың жұмыс істеуіне рұқсат беріп қойды. Бұл қадам ел экономикасын әлсіретпеу үшін жасалса да, шектеу әлі де сақталмақ.
Нилс ХАРДЕГЕН, БОНН ТҰРҒЫНЫ:
Індеттен қорғануға жақсы көңіл бөлінді деп санаймын. Қатерлі дертті жұқтырып алмау үшін қызметкерлер нақты шешім қабылдады.
Ал Францияда карантиннің аяқталуы мұң екен, француз бикештері дүкенге тұра жүгірді. Косметика мен киім-кешек алуға асыққандар сауда көрігін қыздырды. Саудасының жүргеніне сатушылар да дән риза.
Рамла БОРСАЛИ, ДҮКЕН ИЕСІ:
Клиенттердің қадірін енді біліп жатырмыз. Көңіліміз көтеріліп, қайта қауыштық. Дүкенім шағын болса да, байырғы клиенттерім баршылық. Қорғаныш құралдарын пайдалансақ та әлдебір қорқыныш сезімі басылар емес.
Түркияда да сауда орталықтары жұмысын бастады. Дәмхана-мейрамханалар мен спорттық ойын-сауық орталықтарына рұқсат жоқ. Мұнымен шектелмеген билік мемлекет қазынасын толтыратын басты кіріс - шетелдік туристерді қабылдауға әзірленуде.
Ал Оңтүстік Кореяда әлдебір науқас Сеулдегі бес түңгі клубта сайран салып, адамдарға ауру жұқтырғаны анықталды. Осыдан кейін билік шектеулерді қайта енгізіп, мейрамханаларды жауып тастады. Күдікке ілінген көңіл көтеру орындарына сол түні 7 мың адам барғаны белгілі болған. Амалы таусылған билік адамдардың өз еркімен тест тапсыруын сұрап отыр.
Нухил, СЕУЛ ТҰРҒЫНЫ:
Мен түнгі сағат екіде осы жермен өтіп кеттім. Адамдар толып тұрды. Олардың шамамен 70% маска тақпады. Енді мен коронавирусқа тест тапсырып жатырмын.
Коронавирус жұқтырғандар саны бойынша алдыңғы орында тұрған АҚШ-ты Ресей өкшелеп келеді. Бүгінде бұл елде 232 мың дерек тіркелген. Карантин де өз күшінде. Бірақ жасанды тыныс алдыру қондырғыларының тапшылығы бар. Санкт-Петербордағыдай қайғылы оқиға бірер күн бұрын Мәскеуде де болып, бір адам көз жұмған еді. Мамандар, екі ауруханада қолданылған құрылғылар бір зауытта құрастырылған деді.
Е. Карин