Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

АҚШ елшілігі мамандары қолданыста болған заттарды жаппай сатылымға шығарды

AstanaTV
02.10.2017ж. 20:00
2351
АҚШ елшілігі мамандары қолданыста болған заттарды жаппай сатылымға шығарды

АҚШ елшілігінде қолданылған заттардың жаппай сатылымы өтті. Бұл ұйымның ішкі тәртібіне сай ұйымдастырылған шара. Сауда аукцион түрінде өткізілген. Онда дипломаттардың қолданған ыдыс-аяқтарынан бастап, жиһаз, кілемдер, тіпті көліктердің де бірнеше түрі сатылымға қойылған. Бұл астаналықтардың зор қызығушылығын тудырды. «Мұндай сауда жылына 2 рет өткізіліп тұрады», - дейді ұйымдастырушылар. Былтырғы саудадан 25-30 мың доллардай пайда түскен көрінеді. АҚШ заңына сәйкес, ол ақша Американың қазынасына түсіп, ол жақтан елшілікке жаңа қажетті дүниелер жіберіледі екен. Көпшілікті әсіресе, көліктер қызықтырды.

Наурызбек, Астана тұрғыны:

Арнайы осы көлікке келдім мен. Бастапқы бағасы 1 мың доллар екен. 4 мың долларға дейін болатын шығар. Халық көп, бәсекелестік көп, көреміз қалай болатынын. 

Биыл адам қарасы көп болғаны сонша, алаңға кіруге шектеу қойылыпты. Аукционға қатысуға 300-ден астам адам жолдама алған. Олар кепіл ретінде 10 мың теңге қалдырады. Егер тауарлардың бірін сатып алса, кепіл ақша тауар бағасына қосылады, ал, ештеңе қызықтырмаса, 10 мың теңге қожайынға қайтарылады. Аукцион барысында доллармен де, теңгемен де төлем қабылданды.