Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

"Айтарым бар" бағдарламасында көп балалы анаға пәтер кілті табысталды

AstanaTV
14.05.2020ж. 20:00
2823
"Айтарым бар" бағдарламасында көп балалы анаға пәтер кілті табысталды

Бүгін «Астана» телеарнасының «Айтарым бар» әлеуметтік жобасында көп балалы анаға пәтер кілті табысталды. Жалдамалы пәтерде 9 баламен күн кешіп келген отбасына мұндай тосынсый қарапайым жандардың ақшасына алынған. Шарапаты мен шапағаты мол шара жайында әріптесім баяндайды.

Бұл - қуаныштың көз жасы. Гүлжамила Салманова 7 баланы дүниеге әкелген алтын құрсақты ана. Тағдыр тәлкегіне ұшыраған інісінің балаларын да бауырына басқан.  Арманын арқалап елордаға келгеніне 12 жыл болыпты. Содан бері жалдамалы пәтерде күнелткен. Бірақ ол баспанасы отқа ораныпты. Шарасыз жанға «Айтарым бар» бағдарламасында Дәулет Төлеутайұлы бүгін пәтер кілтін табыстады. Мұны күтпеген ана, тосынсыйға дән риза.

Гүлжамила САЛМАНОВА, КӨП БАЛАЛЫ АНА:

Қазір барғанда балаларым мен сияқты қуанады деп ойлаймын. Еркін өмір сүреміз. Қорқыныштан арылдық. Рақмет! Алла разы болсын!

Астаналық Дәулет Төлеутайұлы қарапайым блогер, әрі журналист. Ол мұндай қайырымды іске әлеуметтік парақшамдағы оқырмандарым мұрындық болды деп отыр. Солардың тамшыдай болса да қосқан үлесінің арқасында күні бүгінге дейін 8 отбасын баспанамен қамтыған. Ал бүгінгі шараға қаражат ұтыс ойынынан жиналды деді. Блогер өзінің «Бизнеске бағыт» кітабын сатып, 13 миллион теңге жинаған.

Дәулет ТӨЛЕУТАЙҰЛЫ, БЛОГЕР:

Ешкімнен сұрамаймыз. 24 сағатта инстаграмға реквизит қоямыз. Жиналған ақшаға проблемаларды шешеміз. Үй, ноутбуктар алынады.

Дәулет «Қайырымды жұма» идеясының да авторы. Ол оқырмандарынан жалпы 146 миллион теңге жиналғанын айтты. Қомақты қаражатқа 400-ге жуық отбасыға әлеуметтік көмек те көрсеттік деп отыр.    

Ғ. Өтемісов