Судың да сынағы бар. Сыр өңіріндегі шаруалар су тапшылығына алаңдаулы. Әсіресе күріш шаруашлығымен айналысатындар сапалы және мол өнімнен күдер үзе бастаған сыңайлы. Дегенмен әр тамшыны тиімді пайдалануға талпынуда. Бітік өнім алу үшін 120 күнге созылатын вегетациялық кезеңнің талаптары толық сақталуы тиіс. Ал қажетті көлемде су болмаса, егістік түгел құрдымға кетеді,-дейді диқандар.
Тұқым, тыңайтқыш, техника. Көздеген өнім көлемін алу үшін қажетті үш тағаныңыз осылар. Ал көктемгі егіс жұмыстарына қыстың күні кіріскен күрішшілерге алқапты азайтудың пайдасыз екені ақиқат. Мәселен 150 гектардан айрылған орта және шағын шаруалар шатқаяқтап қалуы мүмкін. Тек ірі экспорттаушылар ғана егістік көлемінің кемігенін еш сезбек емес
Сағидолла СЫЗДЫҚОВ, КҮРІШ КОМПАНИЯСЫНЫҢ КОММЕРЦИЯЛЫҚ ДИРЕКТОРЫ:
Ең бастысы, дәл қазір бірінші кезеңге жеткілікті су мөлшерін алып қалу. Кейін шаруалар артығын ағыза бастайды. Сосын алқапты өңдеу, гербицидтер, әртүрлі арам шөптерден тазату жұмыстары жүргізіледі. Осыдан кейін мол өнім алу үшін екінші кезеңге жеткілікті су керек. Бұл кезең 120 күнге созылады, күріш 100 күнге жуық суда жату керек.
Жергілікті билік күріштің орнына өзге дақыл егуді талап етуде. Алайда диқандар оның өте қиын әрі ұзаққа созылатын процесс екенін айтады. Агрономдар әуелі өнімнің түсімділігі мен табысын зерттеп, ғалымдардың ұсынысын зерделеу керек дейді. Мәселен күріштен түсетін мол табысты жоңышқадан табу мүмкін емес,-деп отыр.
Асқар ӘЛИАҚБАРОВ, БАС АГРОНОМ:
Басқа дақылдарға көшіп кету үшін бір уақыт керек. Бір жыл емес, екі жыл емес, бес жылдан әрі уақыт керек. Егер күрішпен бірдей болса, күріштен асып кететінң болса бір гектардан алынатын өнім пайдасы, онда біз сол жүгеріні немесе қытай бұршағын егуге дайынбыз. Онын да экономикалық жағы бар. Өткізу, сбыт деген бар. Жүгеріне көбінесе құс фабрикалары алады дейді. Ертен оның барлығы жүгері шығарғаннан кейін қаншалықты өтімді болады?
Шаруалар күріш алқаптарын амалсыз қысқартуға мәжбүр. Аймақ мамандары биыл он мың гектарға жуық алқап азаятындығын айтады. Сыр өңіріндегі суармалы алқаптарға жыл сайын төрт миллиард текше метрден астам су қажет. Шардара мен Көксарай су қоймасындағы су қорының көлемі бес миллиард текше метрден сәл ғана асады. Қос қоймадағы су қорын Қызылордамен қоса Түркістан облысының шаруаларды да қолданады.
Жорабек НҰРЫМБЕТОВ, «ҚАЗСУШАР» РМК ҚЫЗЫЛОРДА ФИЛИАЛЫНЫҢ ӨНДІРІСТІК УЧАСКІ БАСШЫСЫ:
Жалпы осы уақытпен салыстырғанда былтырғы жиналған судан биыл 1 миллиард текше метр су аз болып тұр. Сонымен бірге біздің Сырдария өзені трансшекаралық өзен болғандықтан ол жоғарыға өте тәуелді. Қазіргі таңда Шардара су қоймасына жоғарыдан түсіп жатқан су көлемі 100-150 куб секундына түсіп жатыр. Ал жылда осы уақытта 1 мың 450 кубке дейін су түсіп тұратын. Сондықтан осыдан-ақ көрініп тұр биылғы жылы су тапшы болатыны.
Сыр бойындағы диқандарды суармалы жердің қайнар бұлағы саналатын Сырдария өзенінің ахуалы да алаңдатып отыр. Арынды өзеннің қазіргі кейпі - осы. Суы тобықтан келеді. Тіпті арғы бетке алаңсыз өтуге болады. Өзен арнасы балдыр, батпақ. Оны тазарту биыл ғана қолға алынған.
Ғабит ЖАНАБАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ЖҰМЫЛДЫРУ ДАЙЫНДЫҒЫ ЖӨНІНДЕГІ БАСҚАРМА БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Үстіміздегі жылы республикалық бюджеттен жобаны бастау мақсатында 350 миллион теңге қаржы бөлініп, бүгінгі күнге жер-снаряд жұмыстарын бастауға мемлекеттік сатып алу конкурсы арқылы Павлодар речной порт мекемесі акционерлік қоғамы ұтып алып, бүгінгі күні жұмысты ватермастер 5 құрылғысымен, жер снарядымен жұмысты бастауға кірісіп жатыр. Жалпы Қызылорда қаласының жиегінде 8,9 шақырым жерде 4 миллион 156 мың куб топырақ шығару жоспарлануда. Бұл 3 кезеннен тұрады. 2020-2022 жылдарға жасалған.
Су ресурстарын тиімді пайдалану үшін Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркімен және Қырғыз елдері күш біріктіру керек дейді,-сала мамандары мен ғалымдар. Су мәселесінде саясат болмауы тиіс. Оның үстіне Амудария мен Сырдария суын бес мемлекет қолданып отыр. Ендігі кезекте іргелес елдер бір мәмілеге келмейтін болса, оңтүстіктегі диқандар су тапшылығынан тығырыққа тірелуі де ғажап емес.
З. Санай