Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×

Толассыз жауын Төлеби ауданындағы 38 үйді жарамсыз еткен

AstanaTV
18.05.2020ж. 20:00
2499
Толассыз жауын Төлеби ауданындағы 38 үйді жарамсыз еткен

Түркістан облысы Төлеби ауданында топан су кірген 38 баспана тұруға жарамсыз. Ауданда жұмыс істеген комиссия осындай қорытынды жасады. Таулы ауданда толассыз жауған жауыннан су шайған төрт көпір де қайта салынатын болды. Өңірде жұмыс сапарымен болған Премьер-министрдің орынбасары Роман Скляр табиғи апаттан зардап шеккен халықпен кездесіп, атқарылып жатқан шаруаға қанықты.

Төлеби ауданында бүлінген баспаналардың алды сүріліп үлгерген. Құрылысшылар тұрғын үйлердің іргетасын құюға кірісіпті. Комиссия таулы ауданда су кірген 115 тұрғын үйді тексеріп, соның 38-ін жарамсыз деп тапқан. Баспаналарды тұрғызуға 510 млн теңге қарастырылған. Қайта тұрғызылатын үйдің тең жартысы Сұлтан-рабат елді-мекеніне тиесілі.

Аумағы 60, 80 және 100 шаршы метр болатын 38 үй, 1-шілдеде тапсырылады деген жоспар бар.
Бұл жаңалықты топан судан зардап шеккен халықпен арнайы кездескен Премьер-министрдің орынбасары Роман Скляр жергілікті халықпен кездесу кезінде айтып, қуантты.

Роман СКЛЯР, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Өте аз уақыт ішінде небәрі 1,5 айдың ішінде  аяқталады. Құрылыс барысымен таныстық қазір ғана. Тұрғындардың ешқайсысы назардан тыс қалмайды. Ұйымдасқан түрде бәрін қалпына келтіреміз.    

Еске салайық, 13-мамыр күні жауған толассыз жауын Төлеби ауданына қарасты алты елді-мекеннің халқын әбігерге салды. Аулалар суға толып, жергілікті маңызға ие төрт бірдей көпірді су шайып кеткенін айтқан болатынбыз. Бұдан бөлек, ауданда тағы облыстық маңызы бар төрт көпірді кеңейту жоспары тұр. Көпір құрылысына жалпы 100 млн теңгеге жуық қаржы қаралуда. 

Ал Мақтаарал ауданындағы топан су біршама тартылған. Мамандар 9 мың текше метрдей суды каналдарға жіберіп үлгеріпті. Бұл Өзбекстанның Сардоба су қоймасынан ағып келген балықтардың жаппай қырылуын болдырмаудың да бір амалы, дейді мамандар. Айта кетейін, мақталы өңірдің халқына сарқынды судағы балық аулауға тиым салынды.

Шәкен БОРАНБАЙ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ ОРМАН ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ ЖАНУАРЛАР ДҮНИЕСІ АУМАҚТЫҚ ИНСПЕКЦИЯСЫ БАЛЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

СЭС-ке бердік, 13-і күні дөңмаңдай балығы мен үш сазан балығын бердік сараптамаға. Алдында үш сазанды вет. инспекцияға бергенбіз. Сараптамалық анализ шыққанын күтеміз. Оған дейін халыққа біз балықты жемеуге ескертеміз, мүлдем болмайды. Жарамсыз болатын болса біз мелиоративті аулауды ұйымдастырамыз.

Қазір сондай-ақ, Мақтааралда топан су басқан ауылдарды дезинфекциялау жұмыстары жүріп жатыр. Мақсат - тасқын су шайып кеткен елді-мекендерде жұқпалы аурулардың таралуын болдырмау. Мамандар залалсыздандыру жұмыстарын алдымен әжетханаларды дәрілеуден бастапты. Су деңгейі түскен ауылдарда су ұңғымалары мен ауыз су құбырлары да тиісті әдістермен тазартылмақ. Санэпидемиологтар алдағы уақытта ауыз суға сараптамалық зерттеу жұмыстарын да жүргізуді көздеп отыр.

А. Төребекқызы