Індет дендеген соң, елге шетелден оралған студенттер, енді кері қайта алмай отыр. Оқуды екі айдан бері онлайн жалғастырған. Бірақ енді біріне емтиханды барып тапсыру міндеттелсе, енді бірі виза уақытына алаңдаулы. Университеті орналасқан ел шекарасын ашқанымен, Қазақстан әлі шет мемлекеттерге әуеқатынастарын жандандырмады.
Елордалық Әлішер Ағыбаев Чехияның Прага қаласындағы білім ордаларының бірінде тіл курсынан өткен. Алдағы емтиханнан кейін бакалаврға тапсырады. Індет Еуропаға жетіп, сабақ онлайн режимге көшкен соң, елге оралыпты. Оның айтуынша университет емтиханды Чехияға келіп тапсыруды міндеттеген. Бірақ ол қалай баратынын білмей дал.
Әлішер АҒЫБАЕВ, СТУДЕНТ:
Менде қабылдау емтихандары басталады, шамамен үш аптадан кейін. Оны онлайн тапсыруға университет рұқсат берсе де менде визаның уақыты өтіп барады. Студент болғандықтан оны тек Чехияда ұзарта аламын. Екеуіне де үлгермесем тағы 1 жыл 2 млн 200 мың теңге төлеп, курсты қайта оқуым керек.
Астаналық Ольга Мирошниченконың қызының да проблемасы - осы. Италияның Турин қаласындағы жоғарғы оқу орындарының бірінде 1 курста оқиды. Енді емтиханға шақырса, қалай барамыз деген сұрақ оларға да маза бермейді. Тікелей Италияға рейс болмағандықтан Германияға дейін жетсек, ары қарай Туринге жетуге болады, дейді ол.
Ольга МИРОШНИЧЕНКО, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Арнайы студенттерді жеткізу мәселесін қолға алса болады ғой. Алаңдап отырмыз. Біз секілді қанша ата-ана бар. Германияға хабарласып, сіздер арқылы Чехияға өтсек деп өтіндік. Қолыңызда студент екеніңізді растайтын құжат болса әрине деп жауап береді. Бірақ біз Қазақстаннан ешқайда жете алмай отырмыз.
Осыдан бір апта бұрын Ұлттық қауіпсіздік комитеті карантин кезінде кімдер Қазақстаннан шетелге шыға алатынын жариялады. Олардың қатарында өзге елде білім алатын студенттер де бар. Тек шетелде білім алып жатқанын растайтын құжат болса болғаны деген еді. Бірақ Қазақстан әлі әуе кемелеріне шетелге ұшуына рұқсат берген жоқ.
Әлішер ӨМІРЗАҚ, ТІЛШІ:
Әлемдегі жағдайға байланысты бұл мәселе бір министрлік шеңберінде ғана шешілмейді. Бұл ел ішінде коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствааралық комиссияның отырысында талқыланбақ. Студенттерге рұқсат берілген жағдайда Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі оларды ЖОО орналасқан елдерге ұшақпен жеткізуге дайын екендерін айтты.
Ә. Өмірзақ