Темір тұлпар тізгіндеу үшін, жеке куәлік болса болғаны. Жол сақшылары енді автокөлікке қатысты басқа құжаттарды талап етпейтін болады. Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев, бүгін Мәжілісте жаңа құжатты таныстырды. Ведомство, заң нормасына бірқатар өзгеріс енгізуді көздеген. Заң жобасын Мәжіліс мақұлдап, Сенатқа жолдады. Құжаттағы өзгерістер жайында Айя Мүтәлі әңгімелейді.
Айя МҮТӘЛІ, ТІЛШІ:
Енді темір тұлпар тізгіншілері өздерімен бірге техпаспорт пен жүргізуші куәлігін алып жүріп, әуре болмайды. Ішкі істер министрлігі қазақстандықтарды мұндай қағазбастылықтан түбегейлі арылтамыз деп отыр.
Көліктің иесі екеніңізді растау үшін жеке куәлігіңізді көрсетсеңіз жеткілікті. Жол сақшылары сол арқылы жүргізуші туралы барлық ақпаратты планшеттен көре алады. Яғни, атында қандай көлік бар, сақтандыру полисінің аяқталу мерзімі мен техникалық тексеруден өткен уақыты, тіпті қанша айыппұлы барынан хабардар бола алады.
Ерлан ТҰРҒЫМБАЕВ, ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРІ:
Бума-бума қағазды тасудың не қажеті бар? Бір ғана куәлік жетеді. Алайда, Қазақстан аумағынан сыртқа шыққан кезде, барлық құқық белгілеуші құжатты өзімен бірге алып жүру міндетті. Сонымен қатар, полицейлер пайдаланатын планшет көшеде тұрған бейнекамералармен интеграцияланатын болады. Мұндай жүйе полиция қызметкерлеріне жүргізушілердің тәртіп бұзушылықтарына жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.
Құқық қорғау органы мұндай тәжірибені ішінара қолданып көрген. Бұл елдегі көлік ұрлығы мен нөмірсіз жүру деректерін азайтуға сеп болыпты. Сонымен қатар, ведомство көліктің қосалқы бөлшектерін техникалық паспортсыз сатуға тыйым салмақ. Заң өз күшіне енсе, ереже бұзғандар әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Бұл да ұрланған темір тұлпарларды сату жағдайын болдырмас үшін жасалып отыр деді. Алайда, шетел асып, ізім-ғайым жоғалған көліктердің мәселесі қалай шешілмек? Мәжіліс депутаты Василий Олейникті қызықтырған осы болды.
Василий ОЛЕЙНИК, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:
Трансұлттық топтар автокөлікті ұрлап, кейін оны заңдастырумен айналысады. Қымбат көліктердің көбі шетелде жоғалып жатыр. 1993 жылдан бері елімізде 75 мыңнан астам машина ұрланған. Сол айдап әкетілген көліктің тек 14,5 мыңы ғана табылған.
Халық қалаулысын алаңдатқан сұраққа, Ішкі істер министрінің жауабы дайын. Ол елдегі автокөліктерді шетелге заңсыз әкету деректері керісінше азайды деп отыр. Соңғы бес жылда 32 пайызға төмендеген. Сонымен қатар, ол Еуразиялық экономикалық одақ елдерімен бірлесіп, ұрланған автокөліктердің бірыңғай базасы құрылатынын жеткізді. Тиісті құжатқа Ресей, Тәжікстан, Беларусь, Қырғызстан және Молдова ішкі істер министрлері қол қойыпты. Енді Қазақстан тарапынан рұқсат керек.
Ерлан ТҰРҒЫМБАЕВ, ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРІ:
Келісімді бекіту бірқатар мәселелерді шешеді. Мәселен, 2005 жылы келісім қабылданғаннан бастап осы кезге дейін ұрланған 220-дан астам көліктің тек 30 пайызы елге қайтарылды. Өйткені сұрау салу нормалары дұрыс жұмыс істемеген.
Ведомство осы кемшіліктерді жою үшін құжатқа бірқатар жаңа нормаларды енгізбек. Біріңғай база шет мемлекеттер арасында ұрланған көлікті іздеуге 1 ай ғана уақыт береді. Сол аралықта таба алмаса, оның нақты негіз болар себебін жариялаған хаттама жолдауы шарт.
Айя МҮТӘЛІ, ТІЛШІ:
Яғни, хаттамада жоғалған көліктің жол-көлік оқиғасына, өрт және табиғи апаттан зардап шеккені туралы мәліметтері нақтылануы тиіс. Демек, кеден орындарымен ақпарат алмасу жолға қойылады. Бір жыл ішінде іздеусіз қалған автокөлік қай жерде анықталса, сол елдің меншігінде қалдыру мәселелері де қарастырылмақ.
А. Мүтәлі