Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

«Ақтөбе -Тазалық» мекемесінің жұмысшылары үш ай бойы жалақы алмаған

AstanaTV
26.05.2020ж. 20:00
2317
«Ақтөбе -Тазалық» мекемесінің жұмысшылары үш ай бойы жалақы алмаған

Ақтөбеде «Ақтөбе -Тазалық» мекемесінің 60-тас астам жұмысшысы үш айдан бері жалақы алмаған. Олар жергілікті билікке алданып қалдық дейді. Ол ол ма? Шаһар басшысы қоқысқа жауаптылардың қызметінен сәуір айында аяқ асты бас тартыпты. Тараптарды тындаған әріптесім  Бақыт Рахметова тарқатады.

Орынтай Әбузаров бұл мекемеге осы жылдың ақпанда жұмысқа тұрған. Жетпіс мың теңге айлыққа, таң атқаннан қара кешке дейін қоқыс жәшіктерін тазалауы тиіс. Тіпті кейде жалаң қолымен қоқыс жинаған күндері болғанын айтады. Солай бола тұра, әлі күнге еңбекақысын алмаған. 

Орынбай ӘБУЗАРОВ, «АҚТӨБЕ-ТАЗАЛЫҚ» ЖШС ЖҰМЫСШЫСЫ:


Ешкім отбасымда жұмыс жасамайды. Ауруға қарсы әйелім істейтін еді. Олда жабылып қалды. Үйдегілер жұмысқа шық дейді. 42500 теңгеде тимей жатыр. Ал жұмысты сәуір айында тоқтаттық.

Дәл осындай жағдай мұндағы 60 отбасына тән. Көпшілігі пәтер жалдап тұратындарын жеткізді. Үш айдан бері өлместің күннің кешіп жүрген жандарға карантин жағдайында күн көру тіпті қиындаған.

Арсен ЖҰМАҒАЛИЕВ, «АҚТӨБЕ-ТАЗАЛЫҚ» ЖШС ҚЫЗМЕТКЕРІ:

Ақпан айынан бері айлық алған жоқпыз. Карантин жағдайында отбасымызға өте қиын болды. Кейбір отбасылардың  азық-түлік тіпті нан алатын ақшасы болмаған күндері болды. ЖКХ хабарлассақ бізге береміз деп құтылады. Құр уәделерінен шаршадық.

«Ақтөбе Тазалық» мекемесі әкімдіктегілердің ауызша уәдесіне сенген. Тараптар өзара келісім-шартта жасаспаған. Тек ресми хаттың негізінде жұмыс атқарған. Ал сәуір айында тіпті әкімдік бұл мекеменің қызметінен аяқ асты бас тартқан.  Жалпы берешек шамамен 9 миллион теңге болады дейді жұмысшылар. 

Арсен ЖҰМАҒАЛИЕВ, «АҚТӨБЕ-ТАЗАЛЫҚ» ЖШС ҚЫЗМЕТКЕРІ:

Біз Ақтөбе қаласының  әкіміне, Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімі басшылығына сендік. Міне қала әкімдігінің хаты, онда біздің мекеменің тұрмыстық қатты қалдықтарды  жинауға дереу кірісу керектігін айтылған.

Құр уәдеден шаршаған жұмысшылар бүгін облыстық прокуратуға арызданды. Енді олар қалалық әкімдікпен соттасуға да дайын.

Бекболат НҰРАШЕВ, АҚТӨБЕ ҚАЛАСЫ ТҰРҒЫН ҮЙ КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:
 
Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімі басшылығымен «Ақтөбе-Тазалық» мекеменің арасында ешқандай келісім шарт жасалмаған. Сондықтан біз оларға бюджеттен қаражат бөле алмаймыз.

Бақыт РАХМЕТОВА, ТІЛШІ:


Шенділер «Ақтөбе-Тазалық» мекемесінің жұмысшыларына жалақысын төлеуге асығар емес. Бірақ мәселені  демеушілік қаражат тарту арқылы шешпекші. Ал уәдеден шаршаған жұмысшылар Президент әкімшілігі мен Бас прокуратураға дейін шағымданбақшы.


Б. Рахметова