Алматыдағы блок-бекетте қаза болған екі полицейдің отбасына пәтер берілетін болды. Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев бүгін осындай уәде берді.
Бақытжан САҒЫНТАЕВ, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ:
Екі бірдей арыстай азаматымыздың отбасына қайғыларына ортақпыз дегім келеді. Шет қалмадық. Жұмыс жасадық. Біздің кәсіпкерлеріміздің қолдауымен екі полицейдің отбасыларына пәтер беріледі. Сондай-ақ туыстары айтатын барлық мәселеге жан-жақты қаржылай көмек көрсетеміз.
Жұрттың қабырғасын қайыстырған оқиғаға Ішкі Істер министрі Ерлан Тұрғымбаев та араласты. Ведомства басшысының айтуынша, кейбір полицейлер БАҚ-қа ақпаратты әтейі бұрмалап берген. Жалған мәлімет таратқан тәртіп сақшыларын Ерлан Тұрғымбаев тәртіптік жауапқа тартты. Лауазымы жоғары 3 қызметкерді жұмыстан босатты. Еске сала кетейін екі күн бұрын Көксай ауылындағы блок-бекетке мас көлік жүргізушісі соғылып екі тәртіп сақшысы қаза болған. Тағы бір полиция қызметкері жансақтау бөлімінде ем қабылдап жатыр. Жол апатын тудырған азаматтың бұрын ішкі істер органдарында жұмыс істегені белгілі.
Ә. Лесбек