Спорт Қазақстан
$445.66 €474.58 ₽4.78
×

Мақтааралда 500 үйдің құрылысы қарқынды жүріп жатыр

AstanaTV
26.05.2020ж. 20:00
2632
Мақтааралда 500 үйдің құрылысы қарқынды жүріп жатыр

Түркістан облысы Мақтаарал ауданында тұрғын үйлерді қайта тұрғызу жұмыстары қарқын алған. Топан судан зардап шеккен тұрғындардың алды тамызға жетпей қоныс тойын тойлайтын болады. Ал бұған дейін тұрақты баспанасы болмаған 28 отбасы тегін үймен қамтылмақ. Ауданда бұдан өзге де атқарылып жатқан жұмыстар жайлы келесі бейнематериалда.

Қазір Мақтаарал ауданының орталығы Мырзакент елді-мекенінде құрылыс қызған.  500 баспананың іргетасы шетінен құйылып, қабырғалары қаланып жатыр. Құрылысқа 32 компания күш салған.

Әбілсейіт МҰРАТОВ, ПРОРАБ:
 
Құрылыс алаңында 8 үй алғанбыз. Құрылысты 10-ы күні бастағанбыз, 10-май күні. Бүгінгі күнге құрылыстың бәрі жақсы жүріп жатыр. Ешқандай проблема жоқ. Техникамыз, адам саны бәрі жеткілікті.

Мердігерлердің мәліметінше құрылысқа отандық өнімдер қолданылуда. Қажетті материалдардан да мәселе жоқ деді.  

Сәбит ҚАЛДЫБЕКОВ, ҚҰРЫЛЫС КОМПАНИЯСЫНЫҢ ӨКІЛІ:

Құрылыс жұмыстарын бастағанымызға он күндей уақыт болды. Материал толығымен жетеді, келіп жатыр. Қол астымызда елушақты адамдар істейді. 20-июльге дейін құрылыс жұмыстарын бітірсек пе ойымыз бар.

Мақтаарал ауданындағы 28 отбасының қуанышы бөлек. Олар бұған дейін аудандағы балабақша, монша мен апатты жағдайдағы жатақханада тұрып келіпті. Бос қалған ғимараттарды еш құжатсыз пана қылған. Топан су кезінде одан да айрылыпты. Қам көңіл олар Үкімет үй салып береді дегенде естіп, қуаныштарын жасыра алмады.

Шолпан БОРАНОВА:

Мен жалғызбасты ана, үш баланың анасымын. Осы ауылда тұрғаныма алты жылдан асып жатыр. Көршілерім 10 үй. Үй бермей ма деп қорқып едік, далада қаламыз ба деп, қуанып жатырмыз енді...

Ерлан КӨБЕЕВ:
 
Қай жерге баратынымызды білмей дал болып жүрген ек, құдай қаласа үкіметтің беріп жатқан үйі бізге үлкен көмек. Осы үшін ризашылығымзы білдіреміз...

Ал Өргебас пен Фирдауси  ауылының халқы бүлінген баспаналарды өз күштерімен қалпына келтіруге кірісіп кетті. Қазір жарамсыз үйлерін бұзып, жарайтын материалдарын жиып алып жатыр. Өзге аумаққа көшуді құп көрмеген тұрғындар баспанасын өздері қайта салып алады.

Жарқынбек ҚАНАЕВ,  ӨРГЕБАС АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

244 үй тұрғын осы жерде қалатын болып солай шешілді. Оған біз мемлекеттен ақша қаржылай сұрадық, өзіміз соғамыз өзіміз саламыз деп қаржылай. Оған мемлекет бізге қолдау көрсетті. Әр үйге 17 млн нан берілді. Қазір 8,5 млн нан бәрінің шотына ақша түсіп жатыр.

Әбсамат АМАНБАЕВ, ӨРГЕБАС АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Асарлатып бала-шағаммен салып жатырмыз жиендеріммен, туысқандарыммен. Осы енді мынаны бітірсек құрылысты бастаймыз. Көтеріп, биіктетіп саламыз. Техника келіп жатыр. ..


Айта кетейік, ауыл азаматтары баспанадан бөлек, екі қолға бір күрек те тапқан. 
 
А. Төребекқызы