Ауа райы -
×
Негізгі / Жаңалықтар / Елордадағы инфекциялық ауруханаға жаңа қондырғылар жеткізілді

Елордадағы инфекциялық ауруханаға жаңа қондырғылар жеткізілді

Отандық кәсіпорындар денсаулық саласына қол ұшын созуда. "Астана Моторс" компаниясына тиесілі "Hyundai Auto Kazakhstan" кәсіпорыны Елордадағы инфекциялық ауруханаға 51 млн теңгенің 3 қондырғысын жеткізді. COVID-19 дертіне қарсы пайдаланылатын медициналық жабдық «Мультифильтрат» деп аталады. Германияда жасалған. Бүйрекке демеу беретін құрылғы Денсаулық сақтау басқармасының ұсынысымен алынды. Ғалымжан Өтемісовтың бейнематериалы.

Инфекциялық орталық COVID-19 жұқтырғандар үшін арнайы салынған. Мекеме, қажетті медициналық құрылғылармен жабдықталған. Алайда, заман орнында тұрған жоқ. Технология күннен күнге жаңаруда. Дәрігерлердің айтуынша, COVID-19 дерті бүйрек жұмысына да кері әсер етеді. Осы дерттің алдын алу үшін, жедел гемодиализге арналған жабдық қажет. Германиялық құрылғыны "Hyundai Auto Kazakhstan" компаниясы алып берді.

Анна ЦЕПКЕ, ҚАЛАЛЫҚ ЖҰҚПАЛЫ АУРУЛАР ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАС ДӘРІГЕРІ:

Жіті гемодиализге арналған үш аппарат, біздің реанимациялық бөлімшелердегі жағдайы ауыр науқастарға қолданылатын болады. Жіті бүйрек жеткіліксіздігі бар адамдардың өмірін сақтап қалу үшін құрылғының ықпалы зор.

Компания 51 млн теңгелік медициналық құрылғының үшеуін жеткізді. «Мультифильтрат» атты жабдықты дәрігерлер пайдалана бастады. Құрылғы, қанның үздіксіз сүзілуін және инфекциялық токсиндерді ағзадан шығару үшін қолданылады. Ауруханада мұндай аппараттың екеуі бар еді. Науқас көбейіп, құрылғыға сұраныс артты.

Иван ВАХРУШЕВ, ҚАЛАЛЫҚ ЖҰҚПАЛЫ АУРУЛАР ОРТАЛЫҒЫ ЖАНСАҚТАУ БӨЛІМІНІҢ МЕҢГЕРУШІСІ:

Қазір бізде жағдайы өте ауыр науқастар да бар. Жансақтау бөлімінде 5 пациент бар. Олардың біреуіне бүгін осы құрылғыны қолднау қажет. Әрі қарай да осындай науқастардың қатары артуы мүмкін.


"Hyundai Auto Kazakhstan" кәсіпорыны бұл жабдықтарды Денсаулық сақтау басқарамының ұсынысымен алып отыр.

Мереке СҰРАҒАНОВ, «HYUNDAI PREMIUM ASTANA» ЖШС ДИРЕКТОРЫ:


Компания бүгін диализ аппараттарын инфекциялық орталыққа жеткізіп берді. Олар дәрігерлердің жұмысын жеңілдетеді және отандастарымыздың өмірін құтқаруға көмектеседі деп үміттенеміз.

Германиялық жабдық дәрігерлер жұмысын көп жеңілдететіні анық. Ақ халатты абзал жандардың басты мақсаты қатерлі індетті тоқтату. Ал, елордалық инфекциялық ауруханада COVID-19-бен 90-ға тарта маман күні-түні алысуда.

Ғ.Өтемісов