$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Алаяқтар Қазнетті басып алды

AstanaTV
29.05.2020ж. 20:00
3365
Алаяқтар Қазнетті басып алды

Пандемия кезінде көп қызмет ғаламторға ауысқан. Халыққа қолайлы болсын деген жүйе аферистердің де мекеніне айналды. Яғни, ел қайда - алаяқ сонда. Тек Нұр-Сұлтанда ғана жыл басынан бері бір мыңнан аса интернет алаяқтық тіркелген. Олардың айласы сан алуан және ол жылдан жылға көбейіп келеді. Айлакерлер көбінесе банк карточкалары мен онлайн төлемдер арқылы жұртты тақырға отырғызып жүр.

Қазір қалтаңа емес, картаңа абай болатын заман. Ғаламтор арқылы ақша жымқыратындар қаптап кетті. Қулығына құрық бойламайтындар желі пайдаланушыларын сан-соқтырып, түрлі айламен қаржысынан қағып отыр. Сондай алаяқ қақпанына түскендердің бірі көкшетаулық Әлия Жаңебергенова. Аруды инстаграмдық алаяқ алдап соққан.

Әлия ЖАҢАБЕРГЕНОВА, АЛАЯҚ ҚҰРБАНЫ:

Ақша тігіп, сұрақтарға жауап беру арқылы өз сауатыңды сынап, сонымен қоса ақша жеңіп ал деген реклама көрдік.Сұрақтан алдын төлем төлеу керек екен. Чекті жібердік. Ол сұрақтарын жіберді. Жауабын күтіп отырсақ, бүкіл жерден черный спсиокка салып жіберіпті.


Не ақша жоқ, не сұрақ жоқ. Өткен жылы осыған ұқсас мыңға тарта қылмыс ашылған. Бұл тек ресми ақпарат. Тіркелмегені қаншама. Департамент деректеріне сенсек, қылмыстың дені онлайн саудада жасалады.

Дмитрий ДЕМИДОВ, ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ КРИМИНАЛДЫҚ БӨЛІМ БАСТЫҒЫ:

Жарнама көп. Қылмыс жасала салысымен олар контентті өшіріп тастайды. Сондықтан ұстау қиынға түседі. Бірақ, бізде бір орында тұрғанымыз жоқ. Іздеу форматы дами түсті. Банк қызметкерлерімен тығыз қатынастамыз. Оның бәрін ашып айтуға болмайды.


Қазақтан ақша қағып отырғандар арасында шетелдік хакерлер де бар. Киберқылмыскерлердің басым көпшілігі Ресей мен Үндістаннан дейді мамандар. Бәрін ұстау мүмкін емес. Киберқылмыскерді 65 пайызы жазадан құтылып кетеді. Мәжіліс депутаты Омархан Өксікбаев желі желегіне алданғандардың өзіне кінә тақты. Алаяқтардың арбауына түскеннің дені "жеңіл жолмен ақша тапсам", деген ағайын.

Омархан ӨКСІКБАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

Халқымыз оңай жолды іздеп кететіні бар.  Мен ескерткен болар едім, осы жерде жоғары табыс беретін сондай қаржылық ұйымдар дегені оның барлығы өтірік. Бүгін банктен басқа ешкімге сенуге болмайды.


Ғалымжан ӨТЕМІСОВ, ТІЛШІ:

Ғаламтор. Әлеуметтік желі - алаяқтардың оңай олжаға кеңелетін жеріне айналды. Мұны бәріміз білеміз. Бірақ алданатындар азаятын емес. Өйткені, "Тер төкпей тез байысам" дейтіндер көп. Парламент мың жерден заңды қатайтса да сана өзгермей аферисттерден арылмаймыз. "Өзіңді сақ ұста, көршіңді ұры тұтпа", қағидасын сақтағанымыз жөн.

Ғ.Өтемісов