Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Еліміздегі тәтті өнімдер мен алкогольсіз сусындар бағасы 30 пайызға қымбаттауы мүмкін

AstanaTV
24.10.2017ж. 20:00
3346
Еліміздегі тәтті өнімдер мен алкогольсіз сусындар бағасы 30 пайызға қымбаттауы мүмкін

Еліміздегі тәтті өнімдер мен алкогольсіз сусындар бағасы 30 пайызға қымбаттауы мүмкін. Бұл туралы Қазақстанның кондитерлер ассоциациясы мен алкогольсіз сусын өндірушілер қауымдастығының өкілдері мәлімдеді. Айтуларынша, көрші Ресей мен Беларусь мемлекеттері Ереванда өтетін ЕЭО елдерінің үкімет басшылары жиынына қант импортына тыйым салуға байланысты ұсыныс дайындап жатыр. Егер қабылданса, қымбатшылыққа амалсыз жол береміз деп отыр. Себебі одақ аясынан тыс өзге елдерден импортталатын қантқа бізде жеңілдік бар. Мысалға, кондитерлер қауымдастығы президентінің орынбасары айтқан мәліметке сүйенсек, өткен жылы елімізде 457 мың тонна қант шығарылыпты. Тағы 104 мың тонна қант импортталған. Оның ішінде 23 пайызы Ресейден сатып алынған екен.

Ерлан Ахметов, ҚР кондитерлер қауымдастығының вице-президенті:

Біздің импортты шектеп, шетелден алатын-ды. Шетелден алатын жағдайда бізге жеңілдік бар ғой. Сол жеңілдікті жойып, өзінің қантын бізге сатпақшы. Егер шетелден алып келетін қантқа жеңілдікті алып тастайтын болса, онда бізге тиімсіз болады. Сондықтан жаңағы баға қымбаттайды. Біздің баға қымбаттайды, олардың тауарлары арзан болады.

Шектеуді көздейтін шарасыз ұсынысқа алкогольді сусын өндірушілері қауымдастығы да алаңдаулы. Өйткені жоғарыда келтірілген құмшекер мөлшерінің 110 мың тоннаға жуығын осы қауымдастық пайдаға жаратады.

Әлия Мамытбаева, ҚР алкогольсіз сусындар мен шырындар қауымдастығының атқарушы директоры:

Бұл бәсекелестікті жоятын жол. Мысалға, өткен жылы 79 мың тонна сусын импорттадық, оның ішінде 82 пайызы Ресей мемлекетінен әкелінген сусындар. Өзіміздің өндірген өнімнің 92,8 мың тоннасын экспортқа шығардық. Бірақ, импортталатын сусынның басым бөлігі Ресейден жеткізілетіндіктен, жаңа ұсыныс қабылданса,  олардың бағасы төмен болады да, қымбат бағаға қант алатын біздегі сусын өз құнын ақтау үшін қымбаттатылады. Міне, осы кезде алпауыт Ресей зауыттары өнім құнын еркін ақтайды. Ал біз құрдымға кетуіміз әбден мүмкін.

Мәселеге алаңдағандар Үкіметтен отандық өндірушілер құқын қорғауға көмектесуді сұрады.