1 маусымға қараған түні ірі қалалардағы барлық блок-бекеттер алынды. Енді қалааралық көлік қозғалысы қайта жанданбақ. Еске сала кетейін: төтенше жағдай кезінде ел аумағында 400-ге тарта бақылау бекеттері орнатылған еді. Еркін қозғалыс карантиннің аяқталғанын білдіре ме? Әріптесім Ғалымжан Өтемісов толықтырады.
Иә, бұл күнді тұтас халық асыға күтті. Қозғалысты шектеген бекеттер алына салысымен жақынына асыққан жұрт жапа-тармағай ағыла жөнелді.
Күні кешеге дейін елде 3 миллионнан астам көлік пен 5 млн жолаушы тексерілген. Бір ғана Нұр-Сұлтанда төтенше жағдай кезінде 200-ден астам құқықбұзушылық тіркеліпті.
Данияр ОРАЛ, НҰР-СҰЛТАН қ. ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:
Өкінішке орай блок-бекеттер іске қосылғаннан бері 236 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде 173 азамат 15 тәулікке қамауға алынды. 63 азаматқа айыппұл салынды.
Карантин кезінде 52 мыңнан астам полиция қызметкері мен медицина маманы күндіз-түні кезекшілік атқарды. «Ұлттық Ұлан» сарбаздары қоғамдық орындардағы тәртіпті қадағалады.
Ғалымжан ӨТЕМІСОВ, ТІЛШІ:
Елордадағы барлық блок-бекеттер алынып тасталды. Дәл қазір біз Нұр-Сұлтан- Көкшетау тас жолының бойындамыз. Бұл жерде 74 күннен бері сақадай сайланған құқық қорғаушылар қалааралық қозғалысты шектеген еді. Қазір өздеріңіз көріп тұрғандай шектеу құрылғыларының барлығы алынып тасталған. Көліктердің де ағыла бастағаны байқалады. Алайда бұл қалыпты өмірге оралу дегенді білдірмейді. Қауіпті індетті әлі күнге ауыздықтай алмай отырмыз. Сондықтан жүргізушілер мен жолаушылар арнайы бетперде тағып, қолғап киіп жүруі тиіс.
Айта кетейік, бекеттердің алынғаны карантиннің аяқталғанын білдірмейді. Кейбір шектеулер біртіндеп алынуда. Мәселен қалааралық автобус қатынасы тек маусымның 5-де іске қосылады.
Ғ. Өтемісов