Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Ақтаудағы сарбаздар психологиялық қатерге төтеп бере алады

AstanaTV
29.09.2017ж. 20:00
3298
Ақтаудағы сарбаздар психологиялық қатерге төтеп бере алады

Бүгін террористер Ақтаудағы 6656 әскери бөлімінің атыс алаңына баса-көктеп кіріп, жаулап алмақшы болды. Арам ойларын жүзеге асыру барысында қылмыстық топтың көзі жойылды. Дәл осындай сценарий бойынша Ақтаудағы ҚР Ұлттық гвардиясының Батыс қолбасшылығында оқу-жаттығу өтті. Басты мақсат - сарбаздарды кез келген төтенше жағдайға сақадай сай болуы үшін, моральдық-психологиялық тұрғыдан даярлау.

Жарылыс, атыс, жым-жырт тыныштық. Қарсыластың көзі жойылды. Осылайша Ұлттық гвардиясының «Батыс» қолбасшылығына қарасты Ақтөбе, Атырау, Орал, Ақтау мен Жаңаөзеннен келген әскери бөлімдердің сарбаздары алдына қойылған міндетті бұлжытпай орындады. Бұл - үлкен дайындық пен жедел жүргізілген операцияның жемісі.

Мұхамедқали Сатов, ҚР Ұлттық гвардиясы бас қолбасшысының орынбасары:

Қылмыскерлермен, эсктремистермен күрескенде біз ылғи арнайы операция өткіземіз. Сол операцияларды өткізгенде жауынгерлерімізде моральдық-психологиялық қиыншылық болады. Сол моральдық-психологиялық қиыншылық болғанда, қандай жұмыс өткізу керектімізді, қандай тәрбие жүргізу керектігімізді бүгін қарап жатырмыз.

Әскери бөлімдерде сарбаздарды ант қабылдаған сәттен бастап жіті назарға алады. 40 күн бойы бақылайды. Олардың кез келген төтенше жағдайға төтеп беруі үшін, арнайы психологиялық көмек көрсету бекеттері жұмыс істейді.

Дәулет Хажмұрат, ҚР Ұлттық гвардиясы 3502 ә/б психологы:

Кез келген уақытта ол өзіне белгілі түрде психологиялық шок алады. Біз сол психологиялық шоктың деңгейін анықтап, соған байланысты көмек көрсетеміз.  Мысалы, психологиялық мультиметр, ол адамның бойындағы стрессын анықтайды. Егер ол стресстың деңгейі жоғары болатын болса, біз оған массаж жасау аппараттары арқылы көмек көрсетеміз.

Әскери қызмет, әлбетте, қауіп-қатерге толы. Сондықтан әскери психологтар қажеттілігі бұрыннан туындаған. Алайда, елімізде мұндай мамандар дайындалмайды. Бірақ Ұлттық гвардиясы Бас қолбасшысының орынбасары бұл мәселе шешімін табатынын жеткізді. 

Ерлан СИСЕНОВ