$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Бір тәулікте 6 аймақта өрт дерегі тіркелді, - ТЖК

AstanaTV
10.06.2020ж. 20:00
2212
Бір тәулікте 6 аймақта өрт дерегі тіркелді, - ТЖК

Ақмола облысы Степногорск қаласының шетіндегі саяжайда өрт болып, 5 адамның өмірін жалмады. Арасында 7 және 5 жастағы балалар бар. Соңғы тәулік ішінде ел аумағы бойынша 6 өрт оқиғасы тіркелген. Әріптесім Асылбек Даниярдың репортажы.

Түннің ортасында баспанадан шыққан қызыл жалын бір отбасын түгелдей жалмаған. Марқұм болған 5 адамның екеуі кішкентай бала. Құрбан болғандардың бірі сол отбасының танысы болып шықты. Жалынды жергілікті тұрғындар түнгі бір шамасында байқап, дереу өрт сөндіру қызметіне қоңырау шалған. Жергілікті төтенше жағдайлар департаментінің басшысы, үйде газ және электр энергия болғанын айтады. Соған сай "отты абайсыз қолдану" өртке себеп болуы мүмкін деп отыр.

Алексей СОВЕТОВ, АҚМОЛА ОБЛЫСТЫҚ ТЖД БАСШЫСЫ:

Аталған саяжай үйінде пеш те, электр жарығы да болмаған. Өрт салдарынан саяжай үйі мен шаруашылық құрылысы толығымен жанып кетті. Таңғы сағат 5-те оқиға орнына облыс орталығынан өрт зертханасы аттанды. Солардың зерттеуінен соң тілсіз жаудың нақты неден шыққаны анықталады. Өртті толық жою үшін өртке қарсы қызмет қызметкерлеріне екі сағаттан астам уақыт қажет болды. Жалпы жыл басынан бері аймақта 341 өрт дерегі тіркеліп, оларда 15 адам көз жұмды.

Шамның жарығымен бас сауғалап, қашып жатқан мына адамдар Ақтөбе облысының Темір аудандық ауруханасының емделушілері мен қызметкерлері. 32 адам өрттен құтқарылыпты. Оның 24-і науқас, арасында екі бала бар. Тілсіз жау бес жүз отыз шаршы метр жерді шарпыған. Абырой болғанда зардап шеккендер жоқ.

Оңтүстік астананың халқын да өрт әбден әбігерге салды. Наурызбай ауданындағы жер үй күлге айналды. Мамандар баспананың төбесіндегі сымдардың қысқа тұйықталуынан от шыққан деп отыр.

Рүстем ИМАНҚҰЛОВ, НАУРЫЗБАЙ АУДАНЫ ТЖ БӨЛІМІНІҢ МАМАНЫ:

Өрт сөндіруші жанып жатқан шатырдың әр қайсысы 50 литр 25 литр болатын газ балонын шығарып алдын алды. Қабылданған шаралардың арқасында көк жалын 11 минут ішінде сөндіріліп, 02:37 минут аралығында жойылды.

Бұл елорда маңында орналасқан Жібек жолы кентіндегі демалыс кешені. Өрт күндізгі 4-ттің шамасында тұтанған. Төтенше жағдай мамандары 30 демалушы мен 15 кешен қызметкерін қауіпсіз жерге көшірген. Зардап шеккендер жоқ.

Асылбек ДАНИЯР, ТІЛШІ:

Қызыл жалынның зардабынан 6 аймақ жапа шегіп отыр. Айта кетсем, өткен жылдың 4 айымен салыстырғанда өрт дерегі аз болғанымен адам шығыны көп. Төтенше жағдайлар комитетінің дерегінше былтыр 109 адам көз жұмса, биыл 130-ға жуықтаған. Оның 14-і кәмелеттік жасқа толмаған балалар.

А. Данияр