$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Алакөлдегі демалыс орындарында қауіпсіздік күшейтілді

AstanaTV
11.06.2020ж. 20:00
2540
Алакөлдегі демалыс орындарында қауіпсіздік күшейтілді

Алакөлдегі демалыс орындарында қауіпсіздікті күшейту керек. Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниял Ахметов санаторий иелеріне осындай тапсырма жүктеді. Осыған орай санитарлық-эпидемиологиялық нормалар мен арнайы ережелер әзірленді. Ережеге сәйкес енді демалушылар саны 50 пайыздан аспауы шарт. Бұдан бөлек, сауықтыру орындарында дәрігерлер мен полицейлер кезекшілік етеді.

Аймақ билігі Алакөлді COVID-19-дан қорғау үшін бар күшін салған. Көрші Қабанбай ауылында 12 орындық жұқпалы аурулар ауруханасы ашылыпты. Демалыс аумағына кіреберісте 2 жылжымалы медициналық бекет те орналастырылған. Сондай-ақ келушілер алдымен экспресс-тест тапсырады. Демалушылар үшін ПТР анықтамасы да міндеттеледі.

Демалыс аймақтарына қойылатын талаптар да қатаңдатылды. Туристік аймақ иелері балалар алаңы мен көпшілік демалатын орындарды жиі залалсыздандыруға міндеттелді. Мәселен жағалау жағажайында бір мезгілде 12 мың адам демала алады. Ал, бұл - өз кезегінде вирус жұқтыру қаупі жоғары деген сөз. Сондықтан курорттық аймақтарға тек жартылай толтыруға рұқсат етілмек.

Даниал АХМЕТОВ, ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

Егер маусымның 13 мен 23-не дейінгі аралықта індет жұқтыру фактісі анықталмаса, онда келушілерді қабылдауды 75 пайызға дейін арттырамыз. Барлық сақтық шаралары сақталуы тиіс. Егер 70 күн ішінде ешкім вирус жұқтырмаса қалыпты жұмысқа көшуге мүмкіндік туады.

Мұндай талаптар жағажайларға рұқсатсыз кіретін азаматтарға да ортақ. Тәртіпті сақтауға 11 полицей жұмылдырылыпты. Тіпті "Сергек" камералары да орнатылған.

Елена АСЫЛБЕКОВА, КӘСІПКЕР:

Демалыс орындарына алғаш рет келетін туристер көп. Оларға барлық жағдайды жасау біздің міндетіміз. Себебі келушілер өздерін қауіпсіз сезінуі тиіс.

Алдағы демалыс күндері Пестрое көліне туристердің алғашқы легі келеді. Демалыс аймағының басшылары келушілерді сапалы әрі қауіпсіз демалыспен қамтамасыз етеміз деп уәде етті.

Ғ. Өтемісов