Спорт Қазақстан
$443.35 €475.54 ₽4.82
×

Шымкент қаласындағы жаңа баспананың сапасы сын көтермейді

AstanaTV
12.06.2020ж. 20:00
4372
Шымкент қаласындағы жаңа баспананың сапасы сын көтермейді

"Сырты бүтін, іші түтін". Редакциямызға хабарласқан көрермен Шымкент қаласындағы жаңа баспананың осындай күйде екенін жеткізді. «Нұрсат-3» мөлтекауданында орналасқан көпқабатты үй, 2018 жылы пайдалануға беріліпті. Негізінен әлеуметтік жағдайы төмен, көп балалы отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі жандар тұрады. Көрермен жаңбыр жауған сайын үйдің қабырғасынан су өтеді, осының салдарынан түсқағаздар ажырап, енді қабырғалары қақырап жатқанын айтты. Бірге тындайық.

Еркін ТІЛЛАБАЕВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:


Үйлердің қабырғалары жарылып жатыр. Қирап жатыр кафелдері. Үй тозып кетті. Жертөлелеріміз жылда суға болады. КСК-ға айтамыз, ЖКХ-ға айтамыз, әкімдікке де айтқан күндеріміз болды. Ешқайсысы құлақ аспайды, айтқан сөзіміз жерде қалады.


Әділет РАХЫМБАЙ, ТЕЛЕЖҮРГІЗУШІ:

Осы мәселе бойынша Шымкент қаласының атқамінерлеріне қоңырау шалайық. Қазір бізбен Шымкент қаласы құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Қанат Қайыпбек байланыста бар екен. Қайырлы кеш, Қанат Әбдіразақұлы! Сіз тікелей эфирдесіз. Тұрғынның шағымына қатысты не айтасыз? Небәрі қолданысқа берілгеніне 2 жыл ғана болған екен, сонда құрылыстың сапасыз болғаны ма?


Қанат ҚАЙЫПБЕК, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ҚҰРЫЛЫС БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Аталған нысанның кешені 2017 жылы пайдалануға берілген желтоқсан айында. Мердігер мекеменің 5 жыл кепілдік мерзімі бар. Орын алған мәселе бойынша басқарманың жауапты қызметкері бастап, тиісті мекемелерден арнайы топ барып тұрғындармен кездесіп жаңағы ахаулар көзбе-көз көріліп рәсімделеді.


Әділет РАХЫМБАЙ, ТЕЛЕЖҮРГІЗУШІ:

Өзіңізде естіген боларсыз, хабарласқан көрермен: "арыз-шағымдарымызға жергілікті атқамінерлер құлақ аспайды" дейді.  Бұған не дейсіз?


Қанат ҚАЙЫПБЕК, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ҚҰРЫЛЫС БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:


Бұл бойынша бізге шағым түскен жағдайда, мұндай жағдай оырн алған жағдайда тұрғындар тарапынан шағым түссе міндетті түрде арнайы топ тез арада құрылады. Мердігерлермен бірге қалпына келтіру жұмыстары жүргізіледі.


Әділет РАХЫМБАЙ, ТЕЛЕЖҮРГІЗУШІ:

Яғни сіздерге әлі шағым түспеген? Енді бұл жұмыстардың барлығы қашан аяқталады? Нақыт уақытын айтып бере аласыз ба бізге?


Қанат ҚАЙЫПБЕК, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ҚҰРЫЛЫС БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:


Бізге шағым түскен жоқ бұл мәселе бойынша. Біз өндірістік кесте қойып қысқа мерзім ішінде қалпына келтіру жұмыстарын жүргіземіз. Жаңа атап өткендей мердігер мекемеге уақыт беріледі.


Түсінікті. Сұхбатыңызға рақмет! Бізбен тікелей эфирде байланыста болған Шымкент қаласы құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Қанат Қайыпбек. Хабарласқан тұрғындардың шағымы жерде қалмайды деп ойлаймыз. Бұл мәселені біз де өз бақылауымызға аламыз. Қымбатты көрермен, сіздің де мәселеңіз болса, экранда көрсетілген байланыс нөмеріне хабарласыңыз! Біз сізбен бірге жауабын тікелей эфирде іздейміз.