Спорт Қазақстан
$448.56 €478.03 ₽4.79
×

Қостанайда көпқабатты үй тұрғындары қолқаны қапқан жағымсыз иіске тұншығып отыр

AstanaTV
12.06.2020ж. 20:00
2700
Қостанайда көпқабатты үй тұрғындары қолқаны қапқан жағымсыз иіске тұншығып отыр

Қолқаны қапқан, жағымсыз иіс. Қостанайдағы көпқабатты үйдің тұрғындары арнамызға шағымданып, аптап ыстықта тұншығып жатқандарын айтты. "Пәтерде, тұрмақ түгілі, үйдің маңына жолау мүмкін емес",- дейді олар. Шенділердің дерегінше келеңсіз жағдайдың қалыптасуына қалалық кәріз коллекторының жарылуы себеп болған. Апат салдарынан бірнеше үйдің жертөлесін су басқан. Мазасы қашқан тұрғындар күлімсі иіс көктемнен бері пайда болғанын айтады. Заңғар Санай жалғастырады.

Мәуленов көшесіндегі 35 үйдің қазіргі жағдайы осындай. Жертөлеге кәріз суы толған. Тұрғындар бұған коммуналдық қызмет көрсетуші кәсіпорынды кінәлап отыр.

Елена ТРЕПИЦА, ТҰРҒЫН:

Бұл бірінші күн, бірінші жыл емес. Тіпті коллектордың жарылуынан да емес. Біз бірінші қабатта тұрамыз. Қаңтар айында пәтердің еденін жөндеу үшін төмен түскенімізде су тұрды. Төрағаға айттық. Бірақ ол еш әрекет жасамайды.

Валентина РЕШЕТНИКОВА, ТҰРҒЫН:

Қалада техника жетіспесе, Рудный секілді өзге шаһардан алдыртсын. Көпқабатты үй құламай тұрғанда суын тазартсын. Бұл үйде тұрудың өзі қорқынышты болып қалды. Біз күндіз күлкі, түнде ұйқыдан айрылдық. «Таңға дейін аман-есен тұрамыз ба»,-деп  алаңдайтын болдық.

Заңғар САНАЙ,ТІЛШІ:

Көпқабатты үйді мекендейтін көпшілік көктемнен бері жертөледен шығатын жағымсыз иіске тұншығып отыр. Тұрғындар бұл үйде тұру мүмкін емес дейді. Расында мүңкіген иіс қолқаны қабады. Мен шыдамай маска киіп алдым.

Кооператив басшысы келеңсіз жағдайдың қалыптасуына еш қатысым жоқ деген уәжін жеткізді. Төрағаның айтуынша көпқабатты үйдің су құбыры мен кәріз желісі толық жаңартылған. Жақын маңдағы коллектордың жарылуынан жертөле суға толған. Тозығы жеткен кәріз коллекторы «Қостанай-су» кәсіпорнына тиесілі екен.

Александр КРЕСТЕЛЕВ, ПИК ТӨРАҒАСЫ:

Соколов тұйық көшесіндегі кәріз құбыры жарылды. Соның салдарынан көпқабатты үйден шығатын қалдық су жертөлеге жайылған. Осы желіні қолданатын тағы бірнеше үйдің астын су басты. Онда тұратындар әзірге шағымданған жоқ. Олар жағдайды біліп отыр.


Жертөледегі жағдайды жергілікті билік білетін боп шықты. Әкімдік арнайы техника жұмылдырып төрт күн бойы сасық суды сорғызып, тауыса алмаған көрінеді. Жарылған құбырды жаңғырту үшін кем дегенде он күн керек деді.

Геннадий КОЛЧАНОВ, ҚАЛАЛЫҚ ТҰРҒЫН ҮЙ ИНСПЕКЦИЯСЫ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

«Қостанай-су» кәсіпорыны жөндеу жұмыстарын он күннің ішінде аяқтаймыз деп отыр. Тұрғындар жайлы өмір сүру үшін жағдай жасалады. Жертөледегі кәріз суы да толық тазартылады.

Жертөледен шыққан күлімсі иіс аптап ыстықта айналаға таралып, күллі тұрғындардың тынысын тарылтуда. Лас суға үймелеген шыбын-шіркей, құрт-құмырсқа да көпшіліктің діңкесін құртты. Кәріз суынан көпқабатты үйдің іргесі жарылып, айналасы опырыла бастаған. Тұрғындар шұғыл түрде шара қолдануды талап етеді.

З.Санай