Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Қызылсуат ауылында баспанаға найзағай түсіп екі отбасы далада қалды

AstanaTV
17.06.2020ж. 20:00
5089
Қызылсуат ауылында баспанаға найзағай түсіп екі отбасы далада қалды

Астананың іргесінде тұрған Қызылсуат ауылда, үйге найзағай түсіп, баспана өртеніп кетті. Абырой болғанда адамдар дін аман. Дегенмен екі бірдей отбасы далада қалды. Үй иелерінің айтуынша, түнде баспананың төбесінен жай түсіп, шатыры лезде отқа оранған. Жапа шеккендер өрт сөндірушілердің салғарттығын сынға алды. Оқиғаның жай-жапсарын әріптесім біліп қайтты.

Ғалымжан ӨТЕМІСОВ, ТІЛШІ:

Қызыл жалын дүйсенбіден сейсенбіге қараған түні найзағай жарқылынан тұтаныпты. Тұрғындардың айтуынша электр қалқандары бірден жана бастаған. Абырой болғанда іштегі адамдардың бәрі сыртқа шығып үлгерген. Тек өрт сөндіру қызметі арадан бір сағат өткеннен соң ғана келіпті.


Нұргүл Уәйілденова көп балалы ана. Нұр-Сұлтан іргесіндегі шағын ауылға көшіп келгеніне 6 жылдай болған. Жай түсіп, өртенген шаңырағының құрылысы жуырда ғана бітіпті. Алайда қуанышы ұзаққа бармады. Жайсыз жайттан әлі есін жимаған.

Нұргүл УӘЙІЛДЕНОВА, ҚЫЗЫЛСУАТ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Қатты күн күркіреді. Балалар шошып оянды. Жап-жарық дөңгелек шар сияқты нәрсе үйге кірді. Свет сөнді. Барлық балаларды оятып, сыртқа шығардық.

Тұрғындар өрт сөндірушілердің жұмысын сынға алды. Бір сағат жүріп келгенімен, қоймай су іздеп біраз жүріп қалған. Ал, жалынды 6 сағатта әрең сөндірді деп отыр. Олардың бұл уәжін облыстық төтенше жағдай қызметкерлері де растады.

Манарбек ШАПАҒАТОВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ДЕПАРТАМЕНТІ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Шақырту орнына Целиноград ауданы мен Нұр-Сұлтан қаласынан үш бірлік техника және 15 адам жұмылдырылды. Бірінші болып Нұр-Сұлтан қаласының өрт сөндіру қызметі жетті, өйткені қаладан Қызылсуат кентіне дейін 16 шақырым. Ал Қабанбай батыр ауылының өрт сөндіру постынан бұл ауыл 36 шақырымда орналасқан. Өрт 6 сағаттан кейін толықтай өшірілді. 

Үй иелері құжаттарын да алып үлгермегендерін айтты. Жанымыз аман қалғанына да шүкір деп отыр. Дегенмен еріктілердің көмегімен қайырымды жандар қол ұшын созуда. Арнайы есеп-шотта ашылған. Баспанасынан айрылған тұрғындарға, қаражат жинау басталып кетті. Үй иелерінің айтуынша екі күн ішінде 1 миллион теңгеге жуық қаржы жиналған.

Ғ.Өтемісов