Баспанасына кіре алмай жүрген ақтөбеліктер бүгін әкімдікке баса-көктеп кірді. Олар мемлекеттік "Нұрлы Жер" бағдарламасымен пәтер алғанымен, оған кіре алмай жүр. Өйткені көпқабатты үй коммуналды желіге қосылмаған. Желтоқсанда тапсырылуы тиіс пәтерлер үшін несие төлеп отырғандарын айтқан жұрт, мәселені тез арада шешуді талап етті.
Гүлзада Асмамбетова былтыр осы үйден пәтер алған. Әкімдіктегілер үй желтоқсан айында дайын болады деген соң, Орал қаласынан отбасын көшіріп алған. Бес айдан бері бала-шағасымен пәтер жалдауға мәжбүр. Өйткені уәделі баспана әлі күнге дейін дайын емес.
Гүлзада АСМАМБЕТОВА, ТҰРҒЫН:
Неге біздер әркімнің есігін қағу керекпіз. Акиматтың, ЖКХ барып, біздер оған 15 жыл бойы төлейміз ғой. Ол үйді бізге ешкім тегін беріп жатқан жоқ қой. Үлестіріп. Еще квартираға төлеу керекпіз. Еще алмаған үйге коммуникациясы дымы жоқ үйге төлеу керекпіз.
Тап осындай бұл жерде төрт үй бар. Барлығы тұрғындарға мемлекеттік «Нұрлы жер» бағдарламасымен берілген. Құр қаңқасы тұрған нысанға амалсыздан кіріп алғандары да бар. Олар ауыз суын сырттан тасып ішеді.
Төлеген СЕЙІТҚҰЛОВ, ТҰРҒЫН:
Сосын газы, суы, светі жоқ. Графикті, актіні барлығын алдық. Дайын болмаса неге береді. Бізге желтоқсанда кіресіңдер деді. Уже июнь болды ғой.
Гаухар БАҚЫТ, ТҰРҒЫН:
Жолдасым ғана жұмыс жасайды. Еще мен кредит айына 60 мың теңге, қырық мың теңге квартирам бар.
Бұл жиырма төрт пәтерлі үш қабатты тұрғын үйлерді мердігер мекеме уақтылы бітіріп, тапсырған. Бірақ тұрғын үйдің коммуналды желілерін жүргізу басқа компанияға жүктелген екен. Күтуден шаршаған тұрғындар жиналып қала әкімдігіне баса көктеп барды. Олар мәселені шешуді талап етті.
Шенділер мәселе жуық арада шешілетінін айтып, халықты сабырға шақырды.
Аслан ЖАРАСБАЕВ, ҚАЛАЛЫҚ ҚҰРЫЛЫС БӨЛІМІ БАСШЫСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:
Инженерлік желілерді үй біткеннен кейін жүргізуге мүмкіндік болған жоқ. Себебі қыс түсіп кетті. Желілердің барлығы үйге келіп тұр. Тек қана енді қосу қалды. Бұйырса он бес күннің шамасында барлығы іске асады.
Жергілікті атқамінерлер бұл мақсатқа қаражат толық бөлінгенін айтты. Мәселені Алматы ауданы әкімі өз бақылауына алғанын жеткізді.
Б. Рахметова