Спорт Қазақстан
$448.56 €478.03 ₽4.79
×

Ақмола облысындағы аудандық аурухана дәрігерлеріне баспана алуға «Nur Otan» партиясы көмектеседі

AstanaTV
23.06.2020ж. 20:00
2143
Ақмола облысындағы аудандық аурухана дәрігерлеріне баспана алуға «Nur Otan» партиясы көмектеседі

Ақмола облысына қарасты Зеренді кентінде 40-қа тарта дәрігер әлі күнге баспанасыз жүр. Осының салдарынан орталық аудандық ауруханада маман тапшы. Мұны орталық аурухананың дәрігері Гаухар Шәріпова, «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасарымен онлайн кездесуде жеткізді. Бауыржан Байбек өз сөзінде дәрігерлерге, әсіресе шалғайдағы мамандарға көңіл бөлу маңызды деді. Сондықтан бұл мәселені партия өз бақылауына алатынын жеткізді.

Бауыржан БАЙБЕК, «NUR OTAN» ПАРТИЯСЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:

Елбасының саясаты арқасында Тәуелсіздік алғалы бері көптеген емхана, ауруханалар салынды. Мүмкіндігінше дәрігерлер еңбекақысы көтерілді. Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасымен алдағы жылдары дәрігерлер жалақысы бірнеше есеге көбейеді. Аудандық орталық ауруханаға келсек. Бұл мәселені партияның аймақтағы филиал басшысы, облыс әкімімен бірге талқыладық. 40 пәтерлік 5 қабатты тұрғын үй салынатын болды. Жобаның сметалық құжаттары дайын. Жер телімі белгілі, қажетті коммуникациялар тартылды.

Онлайн кездесуде Бауыржан Байбек «Nur Otan» партиясының алдағы праймеризіне де тоқталды.  Саяси ұйымның сайлау алды тізіміне кіретіндердің 30 пайызы қыз-келіншектер, 20 пайызы 35 жасқа дейінгі жастар. Бастауыш партия ұйымдары да кандидаттар ұсына алады. Өзін-өзі ұсыну арқылы сайлауға түсуге болады. «Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасарының айтуынша, бұл елдің дамуына өз үлесін қосқысы келетіндердің көбеюіне жол ашады.

Бауыржан БАЙБЕК, «NUR OTAN» ПАРТИЯСЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:


«Nur Otan»-ның мақсаты не? Билікке - халық қамын ойлаған әділ, әрі мықты адамдарды әкелу. Праймериз дегеніміз үздіктерді таңдайтын демократиялық құрал.

Бұдан бөлек «Nur Otan» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен азаматтардың күрделі мәселелерін шұғыл шешу жұмысы күшейтілді. Оның ішінде әлеуметтік желі арқылы да қарастырылмақ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Еститін Мемлекет» тұжырымдамасы шеңберінде, партияның қоғамдық қабылдаулары аймақтар бойынша жиыны 196 мың шағым қабылдаған. Оның 96 пайызы оң шешім тапты. Айта кету керек, жалпы партияға түсетін онлайн арыздар 6 есеге артқан. Нақтырақ айтсақ Whatsаpp мессенджері 8 есеге, ал Facebook пен Instagram әлеуметтік желілері арқылы түстені шағым 17 есеге көбейіпті.

Д. Мұхаммедкәрім