Алматыда жылу құбыры тағы жарылып, мейрамхана мен бес жеңіл көлікке зиян келді. Төтенше жағдай Гагарин мен Ходжанов көшелерінің қиылысында, бүгін таңғы сағат бесте болды. Жарылыс кезінде жан-жаққа ұшқан тастар мен асфальт сынықтары жолға жақын орналасқан мейрамхана мүліктерін сындырған. Көліктердің де терезелерін зақымдаған. Құбырға жауапты тұрғын үй коммуналдық шаруашылық кәсіпорынның мәліметінше, шығын толықтай өтеледі.
Ян ГИРИН, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ ТҰРҒЫН ҮЙ КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҚ КӘСІПОРЫНЫНЫҢ ӨКІЛІ:
Жылу құбыры жарылысынан жанындағы бес көлікке және мейрамханаға келтірілген шығын біздің мекеменің тарапынан өтеледі. Алдымен шығынның мөлшері есептеліп, комиссияның шешімінен соң өтемақы төленеді.
Мамандар жарылған құбырдың жерастында жатқанына 35 жыл болғанын айтты. Алматы қаласы бойынша су құбырларының 62 пайызға жуығының бүгінде тозығы жеткен. Жауапты мекеменің айтуынша, қалада 22 маусым мен 10 шілде аралығында жылу құбырларының шыдамдылығын тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ол туралы тұрғындарға әлеуметтік желі және пәтер иелері коперативі арқылы ескертілген деді.
А. Кемелжан