Спорт Қазақстан
$439.43 €473.31 ₽4.82
×

Қазақстанда көлік салығын төлеу мерзімі өзгереді

AstanaTV
24.06.2020ж. 20:00
5755
Қазақстанда көлік салығын төлеу мерзімі өзгереді

Енді көпқабатты тұрғын үйлердің пәтер иелері жер салығын төлемеуі мүмкін. Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов бүгін Мәжіліс отырысында жаңа құжатты таныстырды. Оның айтуынша, заң жобасы салық салуды жеңілдетуді көздейді. Яғни, бұдан былай мүлік пен жер салығы біріктіріліп, бірыңғай төлеммен төленеді. Сонымен қатар, ведомство көлік салығын төлеу мерзімін де ұзартқан. 

Руслан ДӘЛЕНОВ, ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРІ:

Салық төлеушілерге қолайлы болу мақсатында көлік салығын төлеу мерзімін ағымдағы жылдың 31 желтоқсанынан келесі жылдың 1 сәуіріне ауыстыру ұсынылады.


Ведомство жаңа құжатқа «инвестициялық салықтық кредит» ұғымын енгізуді ұсынды. Кредит корпоративтік табыс салығы және мүлік салығы бойынша 3 жылға, пайызсыз берілетін болады. Алайда, тиісті шарттар орындалмаған жағдайда өсімпұл есептелмек. Төменгі палата тиісті заң жобасын мақұлдап, Сенаттың қарауына жіберді. Сондай-ақ, қоқыс өртеп энергия өндіру туралы Заң жобасы да жоғары палатаға жол тартты.

Шавхат ӨТЕМІСОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

Заң жобасы тұрмыстық қатты қалдықтарды термиялық жолмен өңдеу арқылы электр энергиясын алуды көздейді. Бұл процестер экономикалық, экологиялық оң нәтижеге қол жеткізуге септігін тигізеді.

Депутаттардың дерегінше жыл сайын ел аумағы бойынша 5 миллион тонна қалдық жиналады. Оның тек 15 пайызы ғана өңделеді. Халық қалаулылары енді жаңа жобаға сай кешендер салынатын болса, республикадағы полигондардың саны азаяды деп отыр. 

А. Мүтәлі