Спорт Қазақстан
$441.58 €480 ₽4.86
×

Павлодар облысында малшылар әкімдіктен жайылым жер ала алмай жүр

AstanaTV
25.06.2020ж. 20:00
2959
Павлодар облысында малшылар әкімдіктен жайылым жер ала алмай жүр

Павлодар облысында малшылар әкімдіктен жайылым жер ала алмай жүр. Осыдан 1 жыл бұрын Ақсу ауылдық аймағына қарасты аумақтан жер сұраған Жамбыл Түсіпбеков, әлі күнге дейін жауап алмаған.

Жамбыл ТҮСІПБЕКОВ, ҚОЖАЛЫҚ ҚҰРЫЛТАЙШЫСЫ:


Осыдан 35 шақырымда жер бар еді. Соны сұрап едік. Егінімізге бәрі жақын сол жерден. Сол әлі бүгінге дейін шешілмей тұр. Ақсу әкімшілігінің ішінде анау құқықтық бөлім басшысы мен жер қатынастары бөлімі соны әлі күнге дейін шешпейді.
 
Қазіргі күні қожалықта мал басы көбейген. Сондықтан шаруа төрт түлігін қайда апарып жаярын білмей дал. Оған қоса биыл аймақта жаңбыр жаумағандықтан, қуыңшылық болып тұр дейді шаруа.
 
Жамбыл ТҮСІПБЕКОВ, ҚОЖАЛЫҚ ҚҰРЫЛТАЙШЫСЫ:

Жайылым жер жетпейді бүгінгі күнде. Біз 3 жарым мың бас малға жеттік. Малдың саны ұсағы бар, ірі қарасы бар, жылқы бар. Тап осы жердің өзінде мыңдай жылқы тұр. 400 бастай қара мал тұр. Жайылым жетпейді. Бірақ, селский округ бойынша бос жерлер көп әлі.


Жергілікті атқамінерлер қожалық басшысы сұраған жерлердің бірі егістік алқапқа арналған деді. Сондықтан ол жайылымға берілмейтінін айтады. Ал екінші жерге «сібір жарасынан» өлген мал көмілгендіктен, санитарлық аймаққа жататын жеткізді. Сол себептен де ол аумаққа да мал жаюға рұқсат жоқ деді.   

Асқар АСТАЕВ, АҚСУ ҚАЛАЛЫҚ ӘКІМДІГІНІҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:

Былтыр 2019 жылдың маусымынан бастап, биыл 2020 жылдың мамырына дейін 11 ай бойы жанағы өзі айтып отырған 1 жылдың уақыттың өзін ол кісінің өзінің кінәсімен созып алған. Жерге орналастыру жобасын дайындау жер сұраған адамның өзінің міндеті. Біздің тарапымыздан уақыт созу ештеңе болған жоқ.

Дегенмен бұл мәселеге енді жемқорлыққа қарсы агенттік өкілдері араласты. Олар мәселенің мән-жайын анықтамақ.

Назымбек БЕКЖАНОВ, СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ АГЕНТТІГІ ПАВЛОДАР ОБЛЫСЫ БОЙЫНША ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСҚАРМА БАСШЫСЫ:


Бұл іс өте созылып кеткен. 1 жыл бойы шаруа қожалық өз құқығын қорғай алмаған. Егер оларға дұрыс түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, қандай құжат керектігін  дұрыстап түсіндіргенде, олар ендігі өз бизнесін дамытып отырар еді. Сондықтан, біз мәселенің анық-қанығын тексеретін боламыз.

Өзгеріс ҚУАНАР, ТІЛШІ:

Жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері бұл жерде қағазбастылыққа жол берілген деп отыр. Сондықтан да әкімдік тарапынан  заң бұзушылық анықталса, жауапты мамандардың жазаға тартылатынын айтты.


Ө. Қуанар