Спорт Қазақстан
$448.89 €477.93 ₽4.76
×

Елде COVID-19 коронавирусын жұқтырғандар саны 2 есеге көбейді

AstanaTV
01.07.2020ж. 20:00
2422
Елде COVID-19 коронавирусын жұқтырғандар саны 2 есеге көбейді

Бір тәуліктің ішінде коронавирус жұқтырғандардың саны бірден екі есеге өсті. Кешегі статитсикада COVID-19 жұқтырғандар саны 21 мың 800-ге жуық еді. Ал бүгінгі ақпаратта олар 41 мыңнан асып тұр. Сөйтсек, министрлік санақты жаңаша жүргізетін болыпты. Енді, қытайлық індетке шалдыққандар ауру белгілері бар немесе белгілері жоқ деп бөлінбейтін болды. Сондайақ, індетті анықтайтын
тест тапсырушы адамдар саны күннен күнге артып келеді. Бірақ ол ақылы қызмет. Оны бәрінің қалтасы көтере бермейді.

Людмила БЮРАБЕКОВА, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:

Бұл жерде төлем тест үшін ғана жасалмайды. Сәйкесінше, сынаманың қызметі үшін де ақы алынады. Ол төлемге тестің өзі ғана емес, бұл қызметті жүргізуге қажетті материалдар шығыны да кіреді. Яғни, онда 40-қа тарта зертханалық бұйым бар: материалдарға арналған зонттар, көліктік орта түтігі және тағы басқалар.

Жұқпалы кеселден қайтыс болғандар да күннен күнге көбейіп жатыр. Бірақ, денсаулық сақтау министрлігі мен өңірлердің ұсынған мәліметтері бір-біріне сәйкес келмейді. Мұны министрліктің өкілі де мойындады.

Людмила БЮРАБЕКОВА, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:

Расында да мұндай жәйттар болды, себебі біз өлім жағдайларын талдау жөніндегі комиссияның өңірлік деңгейінен өткеннен кейін ғана жариялаймыз. Сондықтан өңірдегі деректер министрлікке қарағанда сәл жаңалау болуы мүмкін, өйткені біз ресми түрде өлім жағдайларын талдау нәтижелері келіп түскенін күтеміз.

Індет шенеуніктерді де айналып өтпегені белгілі. Бірі сауығып жатса екіншісі жұқтырып алып өзін-өзі оқшаулауда. Солардың бірі - Семей қаласының әкімі Ермек Сәлімов. Ол, "Жағдайы жеткенше онлайн жұмыс істеймін, деп әлеуметтік желіге жазыпты. Алматы қаласының мемлекеттік бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин де бүгін короновирусқа шалдыққанын жариялады.

Жандарбек БЕКШИН, АЛМАТЫ қ. БАС МЕМЛЕКЕТТІК САНИТАРЛЫҚ ДӘРІГЕРІ:

Менде бәрі жақсы. Иә, расында COVID-19-ды жұқтырып алдым, бұл -  симптомсыз түрі. Қазіргі кезде оқшауландым. Жұмысты қашықтан жалғастыра беремін, себебі демалуға уақыт жоқ.

Коронавирустық инфекция бойынша назарларыңызға сандық мәліметті ұсынсақ. Өткен тәулікте 1600-ден астам адам індет жұқтырғанЫ белгілі болды. Жалпы ауырғандардың саны - 41 мыңнан асты. 13 мың 700-ге жуық емделуші сауығып үйлеріне босатылған. Ресми мәлімет бойынша қайтыс болғандар 188-ге жетті. Сондай-ақ Денсаулық сақтау вице-министрі Людмила Бюрабекова қазақстандықтардан антибиотиктерді өз бетімен ішпеуді және өзін-өзі емдеумен айналыспауды өтінді.

А. Данияр