Сұлулық салондары мен шаштараздар астыртын жұмыс істеп жатыр. Карантин кезінде жұмысы уақытша тоқтаған мекемелер жан бағу үшін осындай қадамға баруға мәжбүр. Сөздеріне қарағанда дәл осы кезде олардың қызметіне сұраныс жоғары. Шектеуге құлақ аспағандардың бірнешеуін мен өз көіммен көріп қайттым. Солардың бірі шаштараз.
Ғалымжан ӨТЕМІСОВ, ТІЛШІ:
Елде 5-ші шілдеден бастап екі апталық карантин енгізілді. Сұлулық салондары, шаштараз сынды мекемелердің де жұмысына тиым салынды. Алайда жұмысын жасырын жалғастырып жүргендер де жетерлік. Дәл қазір мен елордалық шаштараздардың бірінен шаш алдырып шықтым.
Сұлулық салондарында да жағдай осы. Шеберлер жалдама ақысын төлеуге қысылғандықтан осындай қадамға баратындарын айтады.
Ұлпан ОҢҒАРОВА, КӘСІПКЕР:
Төтенше жағдайға байланысты салондарды жауып тастады. Бірақ біз аренда төлеуіміз керек, табыс табуымыз керек. Сондықтан өзімізге келетін клиенттерді жасырын қабылдауымызға тура келеді.
Шағын бизнестегі көп салаға тиым салынған. Алайда қисынсыз жайттар да жоқ емес. Мәселен бір мезетте 20-30 адам жиналатын көлік жүргізу мектептерінің қызметіне ешқандай шектеу қойылмапты.
КАМИЛА, КӨЛІК ЖҮРГІЗУ МЕКТЕБІНІҢ МАМАНЫ:
Оқытудың бірнеше түрі бар. Карантинге байланысты онлайн оқуға да ауыстық. Келіп оқимын дегендердің де бетін қақпаймыз.
Еске сала кетейік, карантин кезінде жабық базарлар, мешіт-шіркеулер мен сұлулық салондарының жұмысына шектеу қойылды. Ойын-сауық нысандары да жабылған.
Ғ. Өтемісов