Тобыл шаһарының іргесіндегі шағын ауданды шошқа фермасы шаршатты. Доңыздан шыққан күлімсі иіс ауыл тұрғындарын тұншықтырып болды. Жергілікті халық, ферманың басқа жаққа көшірілуін талап етіп отыр. Бірақ ол, атқамінерлер құлағына жететін емес.
Нұралы МЫРЗАБАЕВ, ТҰРҒЫН:
Жел сол жақтан болған күні мүлдем мына жерде мүмкін емес тұр, мына жердің бәрін алып кетеді. Мына халықтың бармаған жері жоқ. Жазбаған әкімдігі, прокуратурасы бәріне жазды. Ешқандай нәтиже болмаған соң сіздерге жүгінуге тура келіп отыр. Осы телевидение арқылы біздің жоғары басшыларға осы біздің сөзіміз жетеді деп үміттенеміз.
Тілектес ҮСЕНОВА, ТҰРҒЫН:
Шошқаның исі үлкен проблема болып тұр біздің ауылға.Таңертеңнен кешке дейін жаман иіс шығады.Тіпті есік алдына шығудан қалдық. Масқара.
Шу шығарған «Шығыс» ауданының тұрғындарын полиция қызметкерлері үйлеріне тарқатпақ болды. Түк шықпады. Көпшілік көнбеген соң, қала әкімі Әділ Өміртаев өзі жетті.
Әділ ӨМІРТАЕВ, ТОБЫЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ:
Осы мәселе жөнінде прокуратураға хат дайындап жатырмыз. Сіздерге де ресми жауап беріледі. Бұл жерде мүңкіген иістің бар екенін жасырмаймын. Бірақ фермалар өндірістік аумақта орналасқан. Біз сіздермен бірлесе отырып, бұл мәселенің бір шешімін табамыз деп ойлаймын.
Бұл маңда екі доңыз фермасы бар екен. Жиыны үш жүз шошқа. Шаруа қожалықтары болса, "Тиісті сантиарлық нормалар сақталды, дезинфекция жүріп тұрады", деп ақталған.
Айдар БЕЙСЕНОВ, ҚОСТАНАЙ АУДАНДЫҚ ВЕТЕРИНАРЛЫҚ БЕКЕТ БАСШЫСЫ:
Ферма қожайындарымен түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Қоралардың санитарлық жағдайын жіті қадағалауға алатын боламыз.
"Шығыс", қала басшылары ат басын бұра бермейтін ауданның бірі. Әкімнің өзі биыл мұнда бірінші рет келіп тұр. Мұны жергілікті тұрғындар жақсы біледі. Сондықтан қала басшысына өзгеде мәселелер айтылды. Мәселен ауылға қоғамдық көлік қатынамайды. Бағдаршам түгіл жол белгісі қойылмаған. Бұл балалар өміріне қауіпті. Интернет деген атымен жоқ. Әкім, бар мәселе жақында шешіледі, деп сендірді.
З. Санай