Маңғыстау облысы әкімдігі жергілікті емханаларды қызметтік көлікпен қамтамасыз етті. 30 көлік науқастарға жедел көмек көрсетуге дайын. Дәрігерлер бұдан былай жүрек-қан тамырлары аурулары, қан-қысымы, коронавирус инфекциясын жұқтырған науқастарға шұғыл жәрдем бере алады. Әкімдік мамандары мұндай шара емханадағы көлік жетіспеушілігін 80 пайызға қысқартты деп отыр.
Ержан КҮМІСҚАЛИЕВ, МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСЫ ІШКІ САЯСАТ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
Ақтау қаласында екі емхана бар. Қосымша жеке емханалар да бар. Соның бәріне көліктерді бөліп береміз. Алдағы үш күн жағдайды толық бақылап отырамыз. Егер көлік тапшылығы әлі де туындайтын болса, тағы да қызметтік көліктерді беруге дайынбыз. Оған әкімдіктің мүмкіндігі толық жетерлік.
Көліктер емханаға тіркелген халық санына қарай бөлінді. Күніне 10 қоңырау түсетін, әрі 6 мың адам тіркелген ауруханаларға бір-бір көліктен, ал 80 мыңнан астам халық тіркелген мекемелерге 6 көліктен үлестірілді.
Қасым СЕРІК, АУРУХАНАНЫҢ БАС ДӘРІГЕРІ:
Мобильді бригаданың халықтың арасында қажеттлігі өте жоғары. Қазіргі уақытта жергілікті билік арнайы автокөліктер бөліп жатыр. Алғысымыз шексіз. Қазіргі кезде 6 мың науқасқа бір мобильді бригада жұмылдырылған. Дәрігерлер мен үй-үйді аралауға автокөліктер өте қажет. Бүгіннен бастап жалғасып жатқан іс өз нәтижесін береді деген үміттемін.
Жергілікті билік көліктің дезинфекциялауы мен жанармай шығындарын да өз мойнына алып отыр. Жүргізушілерді де жеке қорғау құралдарымен қамтамасыз етпек.
Ернұр КЕНЖЕСАРИЕВ, ЖҮРГІЗУШІ:
Медицина қызметкерлеріне көлік жетіспеушілігіне байланысты өзіміздің көлікпен көмектесуді ұйғардық. Халыққа көмегіміз тигенін қалаймыз.
Облыс әкімдігі қазір барлық күш қытайлық індетпен күреске жұмылдырылғанын жеткізді. Олардың дерегінше бүгінгі күнге дейін 12 маңғыстаулық ауруынан айығыпты.
Ғ.Өтемісов