$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Түркиядан 11 тонна гуманитарлық көмек жеткізілді

AstanaTV
14.07.2020ж. 20:00
4007
Түркиядан 11 тонна гуманитарлық көмек жеткізілді

Қазақстанға Түркиядан 11 тонна гуманитарлық көмек жеткізілді. Қандас мемлекет жіберген жәрдемде, медициналық бетперде, комбинезондар мен дәрі-дәрмек және тыныс алу аппараттары бар. Бұл, Түркия Үкіметі мен сондағы қазақ диаспорасының тартуы. Шеттегі қандастар 1,5 миллион доллар қаражат жинап, керекті дәрі-дәрмек сатып алыпты. Препараттар Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент және Шығыс Қазақстан облыстарына теңдей үлестірілді. "Көмек екі ел арасындағы бауырластықтың көрінісі", деді Дүниежүзі қазақтары қоғамдастығының Нұр-Сұлтандағы өкілі Серкан Динштүрік.

Серкан ДИНШТҮРІК, ДҮНИЕЖҮЗІ ҚАЗАҚТАРЫ ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ ӨКІЛІ:

Өзіміз шет елде тұрсақ та, жүрегіміз атамекен деп соғуда. Сондықтан осындай ауру таралған кезде, жай отыра алмадық. Қолдан келгенше көмек көрсетуге тырыстық. 11 тонна келді. Бір тоннасын диаспора өкілдері жинадық. Қазір больницада емделіп жатқан қандастарға тез жазылып кетуін тілейміз.

Игі іс жалғасын таппақ. Алдағы уақытта, өкпеге жасанды дем беретін 100-ге тарта апарат жеткізілуі тиіс. Қиын қыстауда қол үшін соза білген Түрік бауырларға «Отандастар» қорының вице-президенті ризашылығын білдірді.

Мағауия САРБАСОВ, «ОТАНДАСТАР ҚОРЫНЫҢ ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТІ:


Бұл көмек өте маңызды деп есептеймін. Тақырып қоғамда қызу талқылану үстінде. Енді қажетті деп ойлаймын, дегенмен бұл Түркиядағы бауырларымыздың шын ниетпен жасаған көмегі. Өздері қаражат жинап, қателеспесем 1,5 миллион долларға дейін жинаған осы дәрі-дәрмекті алу үшін.

Ғ.Өтемісов