Спорт Қазақстан
$443.37 €474.49 ₽4.83
×

Пневмониямен ауырғандар коронавирус жұқтырғандардың статистикасына енгізіледі, - ҚР ДСМ

AstanaTV
17.07.2020ж. 20:00
2969
Пневмониямен ауырғандар коронавирус жұқтырғандардың статистикасына енгізіледі, - ҚР ДСМ

Қазақстанда пневмониямен ауырғандар коронавирус жұқтырғандардың статистикасына енгізіледі. Елдің бас дәрігері Алексей Цой осылай деді. Күні кеше ғана Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке пандемияның сандық мәлметтерін біріздендіруді міндеттеген болатын. Министрдің айтуынша, ресми тізімге COVID-19 ауруының зертханалық тұрғыда дәлелденген жағдайлары енді тестте теріс нәтиже алған, бірақ клиникалық короновирус белгілері байқалғандармен біріктіріледі. Қытайлық індетті жұқтырғандар мен қайтыс болғандар саны алдағы уақытта үш есеге артады деген болжам бар.

Алексей ЦОЙ, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ:

Біз Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропадағы бюросымен консультация өткіздік. Жинақталған клиникалық тәжірибелерді зерттей отырып, біз осы аурулардың ұқсастығы барын атап өтеміз. Соның негізінде COVID-19 жағдайларын халықаралық классификацияның жаңа кодтары бойынша енгізуге шешім қабылдадық. Қазақстанда науқастарды тіркеудің жаңа тәсілі 1 тамыздан бастап қолға алынады.

Алексей Цой, коронавирусты тәулігіне 1700-1800 адамнан шалдығатынын, сондай-ақ қазіргі уақытта аурушаңдық деңгейі тұрақтанғанын айтады. Әлемдік пандемиямен қатар ушығып тұрған өкпенің қабынуы да біртіндеп жақсарып келеді екен. Жалпы, жыл басынан бері елде пневмонияның 234 мыңнан астам жағдайы тіркеліпті. Бұл былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 70 мың адамға көп. Өсім 3,3 есеге артқан. Бұл мәлімет өкпе қабынуының барлық түрімен сырқаттанғандарға қатысты. Сондай-ақ, бұл тізімге нақтыланған қоздырғышы бар және зерттелген вирустардан туындаған пневмония да кіріп отыр.

Алексей ЦОЙ, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ:

Бірінші жартыжылдықта пневмониядан қайтыс болуы дерегі өткен жылдың ұқсас кезеңімен бірдей болды, бірақ маусымның соңында өсу үдерісі байқалды. Осы уақыттағы барлық өлім - карантин енгізілгенге дейінгі аралықта тіркелген жағдайлар. Ағымдағы жылдың 1 қаңтарынан 15 шілдесіне дейін пневмониядан 3 мың 327 өлім жағдайы тіркелді. 2019 жылдың 6 айында - 1 896 оқиға. Өсім 1,75 есеге артқан.

Тамыздың 1-нен бастап енгізілетін жаңа сандық дерек Қазақстанның коронавирус инфекциясын жұқтыру мен өлім-жітім бойынша халықаралық рейтингтегі позициясына кері әсері болары сөзсіз. Министр, бұдан бөлек бұл жүйенің артықшылығына да тоқталды.

Алексей ЦОЙ, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ:

Бұл әдіс ауру жағдайына дұрыс болжам жасауға, қолдағы ресурсты, оның ішінде медициналық кадрларды, төсек-орынды, құрылғыларды, дәрі-дәрмекті ойлы жоспарлауға, статистиканы ашық жүргізуге мүмкіндік береді.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы, Қазақстанның ковидпен күресіне оң баға беріп отыр.

Дорит НИТЦАН, ДДСҰ ЕУРОПАЛЫҚ АЙМАҚТЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР БОЙЫНША ДИРЕКТОРЫ:

Қазақстандағы COVID-19 бойынша жағдай жақсаруда. Жұқтыру жағдайлардың үштен бірі соңғы аптада тіркелгеніне қарамастан, төмендеу байқалады. Мемлекет бірқатар санитарлық шараларды әзірлеп жатыр. Сонымен қатар науқастарды емдеу және аурухананың жағдайындағы инфекцияны бақылау шараларын жетілдіруде. Әсіресе, Қазақстан пневмониясы жоқ пациенттерді COVID-19 бойынша ДДСҰ зертханаларында тестілеуге келісті.

Коронавирус бойынша бүгінгі ахуал. Өткен тәулікте 1700-ден астам адамнан қытайлық індетпен ауырғаны белгілі болды. Республика бойынша науқастардың саны 66 мыңнан асты. 40 мыңы сауығып шықса өкінішке қарай 464 адам ауру құрбаны болды.

А. Данияр